"Жүрек сыздады": Қызылордалық жігіт алғашқы махаббатына 20 жылдан соң үйленді
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласының Жасұлан есімді тұрғыны жақында үйленгенін айтады. Өмірінде болған бақытты сәтті тағдырдың ісіне балаған азамат 38 жасына дейін шаңырақ көтермеген. Бір қызығы, ол алғашқы махаббатына қосылған екен. Сүйіктісіне әрең дегенде қолын жеткізген Жасұлан жан сырын KAZ.NUR.KZ редакциясына ақтарып салды.
Жасұлан қазіргі уақытта кішігірім кәсібі бар екенін айтты.
Көп жыл бойы "сұр бойдақ" атанған азамат "отбасын құрмаймын" деп те ойлаған.
70 жастан асқан анасы баласы үшін үнемі уайымдап, алаңдап отырған көрінеді.
Алайда кейуананың тілегі қабыл болып, жуырда Жасұланның көптен күткен тойы өткен.
Қызылордалық азаматтың айтуынша, басынан өткен махаббат хикаясы түрік сериалдарының сюжетінен кем түспейді.
"Менің жарымның есімі - Гүлзинат. Екеуміз ауылда бірге өсіп, бір сыныпта оқыдық. Бала кезімде –ақ оған ғашық болатынмын. Екеуміз жақын дос ретінде араластық. Сабақтан кейін үйіне шығарып салатынмын, өзге жігіттер тиісе қалса, төбелесуге де дайын тұратын едім.
Мектеп бітіргеннен кейін екеуміз екі жаққа кеттік. Ол Ақтөбеге оқуға кетсе, мен Алматыға арман қуып жол тарттым. Өкінішке орай, жүректегі сезімімді уақытында жеткізе алмадым", - деді Жасұлан.
Арада көп уақыт өтсе де, қызылордалық жігіт сүйіктісін ұмытпағанын айтты.
Ол тіпті өзге аруларға сөз айтпақ түгілі, қыздарға қырындап қарауды қаламаған. Ал жаз мезгілін ауылда өткізуге тырысқан.
Алайда Гүлзинатпен жақынырақ араласуға еш мүмкіндік болмаған көрінеді. Сүйіктісі оқу бітіргеннен кейін тұрмысқа шығып кеткен екен.
"Ауылға барған сайын Гүлзинатты көруді армандайтынмын. Үй жағында көп жүремін. Кездесе қалсақ, амандасудан әрі аса алмай қаламын. Жүректегі аруым өзге азаматқа тұрмысқа шыққанда қатты қиналдым. Жақындарым менің оған деген сезімімді білетін. Сол себепті оның күйеуге шыққанын мен кеш білдім. Осы жағдайдан кейін мүлдем ауылға қайтқым келмейтін болды", - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Жасұланды достары өзге бойжеткендермен талай таныстырмақ болған. Алайда жүрегі жаралы азамат басқа аруларға мүлдем сезімі оянбағанын алға тартты.
Кездесуге келген қыздармен ашық сөйлесе де алмаған. Ол бар уақытын жұмысқа арнап, ата-анасының жағдайын жасауға кіріскен.
"Ауылдағы үйді бұзып, екіқабатты коттедж салғым келді. Құрылыс қамымен жүрген кезімде ауылға Гүлзинаттың келгенін естідім. Тойдан кейін ол күйеуімен бірге қалаға көшіп кеткен болатын.
Сүйіктімнің жеңгелерін сөзге тартып, жанұясы туралы сұрай бастадым. Азаматымен ажырасып кетіпті. Қолында ұлы бар екен. Жүрегім қайта сыздап қоя берді.
Бұрынғы сезімімнің өшпегені белгілі ғой. Қайткенде де кластасыммен жүздескім келді, жылдар бойы сақталған сырыммен бөліскім келді", - деді кейіпкер.
Бір күні Жасұлан қалаға қарай жұмыстарымен шыққан да, көлікке қол көтеріп тұрған Гүлзинатты көрген.
Дереу тоқтап, сүйіктісін мінгізіп алыпты. Амандасып, жағдай сұрасқан.
"Гүлзинат табиғатынан өте әдемі әрі қарапайым жан. Өзіне тән сұлулығын жоғалтпағанына таң қалып келе жаттым. Бір кезде ол "сен сәл батылырақ болғаныңда, екеуміз де бақытты болар едік", деді. Не дерімді білмей қалдым. Бірақ сөздің төркінін түсіндім. Кейін ол да мені шынайы сүйгенін білдім", - дейді Жасұлан.
Ол тағдырдың берген мүмкіндігін жібермеуге тырысып, көп ұзамай Гүлзинатқа ұсыныс жасаған.
Қызылордалық жігіттің туыстары да тойға қарсылық білдірмепті.
Жасұлан сүйіктісін және оның ұлын өзімен бірге қалаға алып кеткенін ашып айтты.
20 жылдан кейін қосылған ғашықтар болашақтарының жарқын болатынына сенетіндерін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1809739-kyzylordalyk-zigit-algasky-mahabbatyna-20-zyldan-kejin-jlengen/