Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

15 жасында босаға аттаған маңғыстаулық келін бақытты өмірдің құпиясын ашты

Опубликовано:

Айгерім Ерғазы - Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы үлгілі келіндердің бірі. 15 жасында ақ босаға аттап, үлкен әулеттің келіні атанған ол бүгінде екі қызға ана болып үлгерген. Әлеуметтік желіде белсенділігімен танылып жүрген Айгерім қазақ келінінің қолынан барлық іс те келетінін айтып, ел-жұртқа сыйлы болудың басты қағидаларына тоқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мен Жаңаөзен қаласында туып-өсіп, осы аймаққа келін атандым. Бір ағам, інім мен сіңлім бар.

Мен төртінші сыныпты бітірген жылы әкем көз алдымда қайтыс болды. 36 жасында о дүниелік болған жолдасының орнын жоқтатпай, бізді анамыз өсірді.

Кішкентай кезден бері қиыншылық көріп өскесін бе, өмірге тез бейімделіп кеттік. Ағам тамақ пісірсе, мен газдың, жарықтың ақшасын төлеу секілді жұмыстарды атқаратынмын.

Бір-бірімізді бағып өстік. Бірақ 15 жасымда келін атанамын деп ойламадым", - дейді Айгерім.

1996 жылы дүниеге келген Айгерім өзінен екі жас үлкен жігіттің жары атанып, 15 жасында ақ босаға аттаған.

«Жолдасым мені алып қашты. Өзінің қалауы сол болды. Көпшілік ойлағандай, аяғым ауыр болған жоқ. Анамның тәрбиесіне де мін тақпаймын, шешем мені аялап өсірді.

Тағдырым шығар, сөз байласып жүрген жігіт мені үйіне келін қып түсірді. Әрине, анам көпке дейін сөйлеспей, құдалық өткенше маған ренжіп жүрді.

Бірақ бір рет босаға аттаған соң, сол босағада өсіп-өнсін деп, ақ батасын берді.

Міне, бүгінде менің тұрмыс құрғаныма сегіз жыл толды. Үлкен қызым екінші сынып оқиды, кішкентайым әлі мектеп жасына жеткен жоқ», - дейді ол.

Айгерім жастайынан отбасылық өмірге үйренудің қиынға соққанын, бірақ қайын жұртының, әсіресе, қайын енесінің қолдауы мен тәрбиесінің арқасында көп нәрсе үйренгенін жасырмайды.

«Қайын енемді мама деп атаймын. Тіпті, өз анама айтпайтын сырларымды үйдегі енеммен бөлісемін.

Мен үлкен әулетке, Мұрат-Жары еліне, текті жерге келін боп түстім. Бұл да маған құдайдың берген бағы шығар.

Жолдасым үйдегі жалғыз ұл, одан бөлек, үш қайын әпкем мен бір қайын сіңлім бар. Барлығы да тұрмыста, бақытты күн кешіп жатыр.

Қайын атамды әкемдей көремін. Өз әкемнен ерте айырылып, жастай келін болып түскен соң, әкелік махаббатты сол кісіден көрдім.

Қайын енемді туған анамдай сыйлаймын. Өйткені, сол кісінің жол көрсетуімен бұл өмірде адаспай келе жатырмын.

Әрине, 15 жасар қыздың келіндік өмірге қадам басуы оп-оңай болмайды. Бірақ менің үйретушілерім жақсы адамдар», - дейді ол.

Жаңаөзендік келіншек бүгінде Instagram желісін белсенді түрде қолданады.

«Үй шаруасына ептілігім де, тәтті тағамдар дайындауға бейімділігім де тұрмысқа шыққан соң басталды. Тәтті торт пісіруді де, тігін тігуді де қайын апаларым мен мамам (қайын енесі - ред) үйретті.

Қате жіберсем түзетіп, арасында ұрысып та алады. Әсіресе, мамамның (қайын енесі) «Болсайшы, тездет» деген сөзін естігенде қалай жылдамдатқаныңды білмей қаласың.

Қайын енем уақытты бос өткізгенді, ысырапты қаламайтын жан. Базарға барып, 4-5 сағат «жоғалып» кетсең, мамадан сөз еститінің анық.

Уақытты қадірлеуді сол кісіден үйрендім. Сондай-ақ, мамам шын достардың өмірде болмайтынын, нағыз дос бауырлардың арасында екенін жиі айтады.

Кейін ойласам, бұл да дұрыс екен. Өйткені, достардың арасында бәрібір қызғаныш пен арам ой болуы мүмкін», - дейді ол.

Айгерім қайын енесімен бірге Жаңаөзенде өткен келіндер байқауында үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі екінші орын алды. Бүгінде ол республикалық ханымдар байқауына дайындалуда.

«Меніңше, қазақтың салт-дәстүрін сақтау, үлкенге ізет көрсетіп, отбасылық өмірде сыйлы болу – қазақ келінінің басты міндеті.

Көпшілікке ақыл айтуға жасым да, өмірлік тәжірибем де жетпейді.

Бір білерім – әйел адам жолдасынан бір саты төмен тұрып, қайын атасы мен енесін сыйлау қажет. Сол кезде ол бәріне сыйлы болмақ», - дейді Айгерім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1815747-15-zasynda-bosaga-attagan-magystaulyk-kelin-bakytty-mirdi-kpiasyn-asty-foto/

pixel