"Бауырына басып алды": Жас келіншек енесінің тұңғыш ұлын өзіне қарсы қоятынын айтты
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласының Жанар есімді тұрғыны көпшілікке жан сырын ақтарды. Осыдан 7 жыл бұрын тұрмысқа шыққан келіншек тұңғыш ұлын енесі бауырына басқанын сөз етті. Жанардың айтуынша, бүгінде туған баласы оны есімімен атап, үй қызметшісіне қарағандай қарайды екен деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жанар өзінің сүйікті азаматына тұрмысқа шыққанын айтады. Күйеуі Ерлан үйінің кенже баласы болғандықтан, жас келін үлкен кісілерге қызмет жасап, қара шаңырақтың түтінін тұтатып отыр.
"Ерлан екеуміз бір сыныпта оқыған едік. Кейін тағдырдың жазуымен отбасын құрдық. Той өткеннен кейін аяғым ауырлады. Баламызды асыға күттік, дәрігерлер ұл болатынын айтқанда күйеуімнің қуанышында тіпті шек болмады. Енем де менің денсаулығыма көп көңіл бөліп, болашақ немересі үшін жағдайымды жасап жүретін", - дейді Жанар.
Жас келіншек торсықтай ұл босанып, үлкен әлетті қуанышқа бөлеген. Немересінің есімін әжесі "Сырым" деп қойған екен. Дәстүрге сәкес, сәби қырқынан шығарылып, "Бесік тойы" жасалған. Алайда, қонақтар кеткеннен кейін, Жанардың енесі кішкентай бүлдіршінді өзінің қасына алып жататын айтқан екен. Бастапқыда күйеуінің анасына қатты ренжігенімен, қызылордалық келін қарсы ештеңе айта алмаған көрінеді,
"Баламды емізуге ғана беретін болды. Ерлан екеуміз ұлымызды қатты сағынатынбыз. Енем оны жанынан жібермей, өзі қарайтынды шығарды. Иісің сіңіп қалады деген соң, емшектен де ерте шфығарып жіберуіме тура келді. Ана сүтін дұрыс ембегендіктен қазір Сырым жиі ауырып қала береді. Түн ішінде жылап қалса, қасына бара алмаймын. Осылай өзімнің туған баламды енем иемденіп алды", - деді қызылордалық келіншек.
Баланың тілі шыға бастағанда әжесі немересіне анасын өз есімімен атауға үйрете бастаған. Қазір Сырым анасын "Жанар" десе, әкесін "көке" дейді екен.
Осы жағдайға қатты ренжіген келіншек, талай жасырын жылап алғанын айтады.
"Достарымыздың балалары аналарына қарап, "мамау" деп еркелегенін көргенде қатты қызығып кетемін. Өз ұлымды емін-еркін еркелетіп, бетінен сүйе алмаймын, Сырым да маған жақын емес, әжесінің қасынан шықпайды. Енем немересін балабақшаға да берген жоқ. Ұлым бірінші сыныпқа барғанда қатты қиналды", - деп сырын ақтарды жас келін.
Жанар тұңғыш ұлынан бөлек тағы екі қызды дүниеге әкелген. Әжесі Сырымнан басқа немерелеріне айтарлықтай көп көңіл бөле бермейді екен. Кішкентай қыздар да бұл жағдайға ренжіп қалатын көрінеді.
"Күйеуіме осы жағдайды айтып, талай рет шағымдандым. Бірақ Ерлан түсіністікпен қарауымды өтінеді. Әжесінің тәрбиесін көрген бала жаман болмайтынын жиі айтады. Алайда ертегі күні енем о дүниелік болып кеткенде, Сырым бізді жат санауы да мүмкін ғой. Мені баламның болашағы қатты алаңдатады. Мектептің табалдырығын енді аттаған ұлымды өзімнің тәрбиеме алғым келеді. Тұңғышым өз бауырларыңа жақын болғанын қалаймын", - деді Жанар.
Жас келіншек енесіне осы мәселені бірнеше рет айтпақшы болған.
Алайда кейуана келінінің сөзін тыңдағысы келмей, жанжал шығарады екен.
Жанар ертеден келе жатқан бұл дәстүрді жою керек деп санайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820375-bauyryna-basyp-aldy-zas-kelinsek-enesini-tgys-lyn-zine-karsy-koatynyn-ajtty/