RU

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Үздіктерге дауыс беру басталды

Алдыңғы мақаламызда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өтінім қабылдау кезеңі аяқталғанын айттық. Жобаға ұзынды-қысқалы 1665 өтінім келіп түскенін мақтана айта аламыз. Еліміздегі 39 жасқа дейінгі белсенді азаматтар саны бұнымен шектелмейтіні тағы рас.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының дауыс беру кезеңі басталды
Фото: "100 новых лиц Казахстана": Facebook

Бүгін, яғни 05 қараша күні «100 жаңа есім» жобасының ІІІ маусымының дауыс беру кезеңі басталды. Дауыс беру кезеңі 20 қарашаға дейін жалғаспақ.

Қазақстандық жас кәсіпкерлер арасынан – 129 адам, ақ халатты абзал жастардан – 106 адам, мәдениет жастарынан – 373 адам, қоғам белсенділерінен – 307 адам, салауатты өмір салтын ұстанатын – 411 адам, ғылым-білім жолында еңбек етіп жүрген – 336 адам, және т.б. қазақстандық жастың және Қытай мен Ресейдегі қазақ жастарының өтінімі қабылданды. Бұл туралы Ruh.kz «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ақпараттық порталы хабарлайды.

Жас та болса біршама жетістіктерге жеткен замандастарымызды қолдауға, дауыс беруге, жеңімпазды анықтауға атсалуға шақырамыз. Ел білуі керек деп есептейтін қыз-жігіттерді, «Қазақстанның 100 жаңа есімін» бірге анықталық!

Қалай дауыс беру керек?

https://100janaesim.ruh.kz/ сілтемесі арқылы, не кез келген іздеу жүйесі арқылы жобаның негізгі сайтына өтіп, тінтуірді қалаған қатысушыңызға жақындатсаңыз «дауыс беру» тетігі шығады.

Сол тетікті бір рет басу арқылы сіз анкетаға өте аласыз. Анкетаның (қатысушы фотосының) астында тұрған «дауыс беру» тетігін тағы басқан соң, жүйе сіздің электронды мекен-жайыңызды сұрайды. Электронды мекен-жайды енгізу арқылы құпия код ала аласыз. Құпия кодты көрсетілген жерге жазу арқылы сіз қатысушыға дауыс бере аласыз.

«Дауыс беру» – «дауыс беру» – «электронды мекен-жайды енгізу» – «құпия кодты жазу»

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1825737-kazakstanny-100-zaa-esimi-zdikterge-dauys-beru-bastaldy.html