RU
"Жасауың қашан келеді": Дүниесін сұрай беретін енесінен мезі болған келін мұңын шақты

"Жасауың қашан келеді": Дүниесін сұрай беретін енесінен мезі болған келін мұңын шақты

Рассказать Вконтакте

Ақтөбе қаласының Жадыра есімді тұрғыны жуырда пәтер алып, жаңа баспанаға көшкенін айтады. Алайда, жас келіншек жаңа үйге көшкелі құлағына тыным болмай кеткенін айтып, жан сырын ақтарды. Оның сөзінше, енесі күнде жасауының қашан келетінін сұрап, әбден мазасын алатын көрінеді деп жазады KAZNUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Осыдан төрт жыл бұрын тұрмысқа шыққан Жадыра, (ред. ескертпе кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) бүгінде екі баланың анасы атанып отыр.

Күйеуі Әсет екеуі бір сыныпта оқып, бір мектепті бітірген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бұрыңғы сыныптасының ұсынысын қабыл алып, тұрмысқа шығуға келісімін берген. Бүгінде ол бұл шешіміне еш өкінбейтінін айтады.

"Әсет екеуміз бір-бірімізді бала кезден танимыз. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде оның маған деген сезімі бар екенін білдім. Мектеп бітіргеннен кейін кездесіп жүрдік. Университетті тәмамдаған күні ол маған сөз салды. Мен еш ойланбастан келісімімді бердім. Осылайша екеуміздің жақындарымыз тойға дайындалып кетті", - деп бастады әңгімесін кейіпкер.

Той асығыс болғандықтан, Жадыраның туыстары біраз әбігерге түскен екен. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, ата—анасы қызына мүмкіндіктері жеткенше "Ұзату тойын" жасап берген. Барлық салт-дәстүрлерді сақтап, құдаларына бағалы сыйлықтар тарту еткен. Тек "қыз жасауын" ғана араға біраз уақыт салып беруді жөн көрген.

"Қазіргі заманда той жасау оңай емес. Ата-анам несие алып, біраз қарызданған еді. Сол себепті дүниемді кейін беретін болып шешті. Ол кезде қайын жұртым да қарсы болған жоқ. Менің күйеуім үйінің үлкені. Ерте ме кеш пе бөлек шығатынымыз белгілі. Сол себепті анама жасауымды өзіміз үй алған кезде беретінін айттым. Ол кісі де жәймеңдеп төсек-жабдықтарын дайындай бастады", - дейді жас келіншек.

Осыдан біршама уақыт бұрын Жадыра отбасымен бірге жаңа пәтерге көшіп, қоныс тойын тойлаған. Алайда үлкен ұлының ң бөлек шыққаны жас келіншектің енесіне жақпай қалса керек, ол кісі жас жанұяға батасын берудің орнына, қабағын түйіп шығарып салған көрінеді.

"Пәтерімізге көшетін күні өзімнің жатын бөлмемдегі заттарымды алдым. Күйеуім екеуміздің және балаларымыздың төсек-жабдықтарын көлігімізге тиеп алдық. Бөлек шыққаннан кейін бастапқы уақытта пайдаланатын ыдыс-аяқтың қажет болатыны белгілі. Енемнен азын-аулақ қасық, кесе, тәрелке мен қазан сұрағанымда, өзіме айқайлап берді. Қызына қажетті дүниелерді анасы алып беру керек деп ұрысты. Көзімнен мөлтілдеп жастың қалай шығып кеткенін байқамай қалдым. Ештеңе деместен, теріс бұрылып кетіп қалдым", - дейді ақтөбелік келін.

Жаңа үйге көшіп келгеннен кейін Жадыраның мазасы тіпті болмағанға ұқсайды. Енесі күнделікті хабарласып, "Жасауын қашан келеді, әлі қайыршы болып жүрсіңдер ме?" деп сұрай беретін болыпты.

Тіпті келіншектің қайын әпкелері де осы мәселені қозғап, жас келіннің намысына тиеді екен. Жадыра Әсетке шағымданғанымен, күйеуі өз туысқандарына қарсы ешнәрсе айта алмайтынын тек әйелінен сабыр сақтауды өтінген.

"Қазір анамның денсаулығы болмай жүр. Оның үстіне жазда інім үйленді. Әзірге төркінімнің жасауымды беруге мүмкіндіктері жоқ. Осыны енеме айтсам, ол кісі мені мүлдем түсінгісі келмейді. Қабағын түйіп, ашуланып шығады. Аузына келген сөздерді айтып, жақындарымды балағаттайды. Күйеуімнің туыстары үшін өзімнің ата-анамды қинағым келмейді. Қолымнан келгенше шыдауға тырысып жүрмін", - дейді Жадыра.

Сіздің реакцияңыз
5
0
0
2
0
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel