RU
"Жақындарымнан жиіркенеді": Көкшетаулық жігіт ауқатты отбасының қызына үйленгеніне өкініп жүр

Көкшетаулық жігіт ауқатты отбасының қызына үйленгеніне өкініп жүр

Рассказать Вконтакте

Осыдан екі жыл бұырн ауқатты отбасының қызын жар етіп алған Көкшетау қаласының тұрғыны бүгінде сүйіп қосылған жұбайымен ажырасқысы келеді. Айтуынша, сүйіктісі өзіне жүктелген келіндік міндетін мүлдем атқармайды, ата-анасымен дөрекі сөйлесіп қайың жұртын менсінбейтін көрінеді. Бала босанғаннан кейін әйелінің мінезі тіпті нашарлап кеткен. Қазір жас жігіт әрі қарай қалай өмір сүретінін білмейді деп жазады KAZNUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com

Көрнекі фото: pixabay.com

Алмат пен Гүлсім (ред ескертпе кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) бір университетте білім алған. Оқу бітіргеннен кейін отбасын құрып, жаңа өмірге бірге қадам басуды ұйғарған. Көкшетаулық азамат сүйіктісінің ауқатты адамның жалғыз қызы екенін әу бастан білген. Жас жігіттің ата-анасы қолдарынан келгенше тойды жоғары деңгейде ұйымдастырып, құдаларының көңілінен шығуға тырысқан.

"Әрине, Гүлсімнің отбасымен салыстырғанда менің жанұямның материалдық жағдайы төмен. Келіншегімнің ата-анасы осыған қарамастан бізге баталарын берді. Тойға дайындық кезінде өзара түсініспеушіліктердің болғаны рас. Біз қалтамыз көтеретін мейрамхананы таңдаған едік. Бірақ ол қалыңдығымның анасына ұнамады. Қымбат тойхананы жалдауға тура келді. Сүйіктім құдаларға алатын сыйлықтардың бағалы болғанын қадағалап отырды. Қолымыздан келгенше барлық талаптарын орындауға тырыстық. Несие рәсімдеп, қарыздануымызға тура келді", - деп бастады кейіпкер әңгімесін.

Қиындықтардың барлығы той өткеннен кейін басталған. Гүлсімге Алматтың тұратын үйі ұнамай қалған. Жас келін бөлмесіне күрделі жөндеу жасатып, ескі жиһаздарды лақтырып тастаған. Қырық күн өтпей жатып, шымылдырықты алдыртқан екен. Бұл әрекеті көпшілікке ерсі көрінгенімен, жас жігіт келіншегіне қарсы ештеңе айтпаған.

"Гүлсім үнемі қабағын түйіп жүретінді шығарды. Үйімнің өте ескі екенін айтып, намысыма тие беретін. Мен одан сәл шыдауын өтіндім. Қаржы жинап, үлкен үй салуды армандайтынымды айттым. Тойдан кейін көп уақыт өтпесе де, келіншегім орамал тақпайтын. Анам қанша мәрте ескерту жасаса да, мән бермейтін болды. Менің сөздеріме де құлақ аспайды.
Жас келіндер секілді үйдің шаруашылығымен айналыспайды. Үй жинап, тамақ әзірлеп, анама қолғабыс көрсеткен емес. Үйге қонақ келсе, жақтырмай бөлмесінен шықпай қалады. Көбіне сырттан тамақтанғанды қалайды", - деп сырын ақтарды азамат.

Гүлсім ата-енесімен де тіл табыса алмаған. Күйеуінің анасы ескерту жасаса, жасы үлкен кісіге дөрекі жауап береді екен. Қайың жұртымен бір дастарханның басында отырып ас ішкенді қаламайтын көрінеді. Бір күні Алмат әйелінен бұл әрекетінің себебін сұраған.

"Анамның аузындағы көп тісі түсіп қалған. Қаржының жетіспеуінен оны емдетуге мүмкіндік болмай жүр. Гүлсім осы себептен жанұяммен бірге отырып ас ішкісі келмейді екен. Жақындарымнан жиіркенетінін айтты. Келіншегімнің бұл жауабына не дерімді білмей қалдым.
Төбемнен жай түскендей болды. Бұрын ғашық болған адамымның, осылай өзгергеніне таңғалдым. Қазір арамыз мүлдем суып кетті. Жиі ұрысып қала береміз. Жанжалдың кесірінен шаңырағымыздан береке кетті", - дейді көкшетаулық азамат.

Жуырда Гүлсім босанып, дүниеге шекесі торсықтай ұл бала әкелген. Қазір Алмат баласы үшін ғана келіншегінің мінезіне шыдап жүргенін мойындайды. Ажырасқан күні ол перзентін көре алмай қалудан қорқады.

Соңғы уақытта әйелінің туыстары да екі жастың ортасына араласатын болыпты. Жас әке болашақ өмірінің қалай болатынын білмейді.

Сіздің реакцияңыз
16
2
1
8
0
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel