RU
Әлемдегі ең ұзын көпірлердің бірін салуға атсалысқан қазақ туралы не білеміз

Әлемдегі ең ұзын көпірлердің бірін салуға атсалысқан қазақ туралы не білеміз

Рассказать Вконтакте

Бүгінде ел мен елдің қарым-қатынасы артқан, әлем халықтарының жақын араласып жатқан уақыты. Қазақ азаматтары да әлемнің әр түкпірінен жиірек бой көрсетіп жатыр. Солардың бірі "Гонконг – Чжухай – Макао" көпірін салуға атсалысқан Өрлеухан Қиса деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Замана" басылымына сілтеме жасап.

Фото: "Замана" басылымы

Фото: "Замана" басылымы

Қытайдағы осыдан бір жыл бұрын, 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілген "Гонконг – Чжухай – Макао" көпірі 2019 жылғы байқау жеңімпаздары тізіміне ілікті. Ол құрылыс саласындағы инновация бойынша сыйлыққа ұсынылды.

Бұл көпірдің салынуына Қытайда тұратын этникалық қазақ азаматы Өрлеухан Қиса да атсалысқан. Ол инже­нерлік-құрылыс саласының осы ғажап нысанының жобасын жасауға қатысқан.

Өрлеухан Қиса – қытайлар "Шыңжаң" деп атайтын Шығыс Түркістанның тумасы, ол осындағы Іле-қазақ облысының Алтай аймағында өмірге келген. Қытайдың Далянь технологиялық универси­тетінде, Жапонияның Шығыс-солтүстік университетінде оқыған. Жапонияда сәулет-құрылыс саласы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Мәдени ескерт­кіштер мен ұлттық мұраларды қорғау технологиясының жаңа тәсілдерін тапқан мықты маман. Бүгінде Гуанчжоу универ­ситеті жер сілкінісіне қарсы төзімділікті зерттеу орталығының бас инженері. Ол сейсмикалық мәселелермен, конструкция­ларды зерттеу және жобалау ісімен айналысады.

Жобалау жұмыстарына қазақ азаматы қатысқан осы көпір бүгінде әлемдегі теңіз үстінен салынған ең ұзын көпір дәрежесіне ие болып отыр. Көпірдің құрылыс жұмыстарына 20 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалған. Оның ұзындығы – 55 шақырым, салмағы 400 мың тоннадан асады, жарамдылық мерзімі 120 жыл деп есептелген. Ол 8 балдық жер сілкінісіне және тайфун сияқты қуатты теңіз дауылдарына да төтеп береді.

Бұл көпір биіктігі жөнінен де алда тұр. Оның биіктігі – 275 метр. Ондағы бір бағытта ғана жүретін көліктер жолы 6 жолақтан тұрады. Одан бөлек, су астынан 7 шақырымды алатын 4 тоннелі, 4 жасанды аралы бар. Құрылысы 2009 жылдың соңында басталған, 2017 жылғы мау­сым айында толық біткен, яғни жұмыстары 8 жылға жуық уақыт жүргізілген.

Көпір Оңтүстік-қытай теңізімен шекте­сетін үш аймақты – Гонконг арнайы әкімшілік ауданы мен Чжухай мегаполисін және Макао арнайы әкімшілік ауданын бір-бірімен жалғастырып тұр. Ал бұл аумақтарда қазір 10 миллионнан аса адам тұрады.

Ол – тоғыз жолдың торабы, онда бірнеше теңіз айлақтары да бар. Одан бөлек, жүздеген ұсақ аралдар жатыр. "Гонконг – Чжухай – Макао" көпірі осылардың бәрін жалғастырып, адам және жүк тасымалына орасан зор пайдасын тигізіп тұр.

Сіздің реакцияңыз
1
0
0
0
1
13
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel