Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тарихи танымдағы Әл-Фараби мен Абай мұрасы

Опубликовано:

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында тарихымыздағы ұлы тұлғалар Әл-Фараби мен Абайға қатысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды атап өтті. Мерейтойлық іс-шаралардың ең бастысы ғұламалардың мұраларын халыққа жеткізу, насихаттау екендігіне жете мән берілді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Тарихи танымдағы Әл-Фараби мен Абай мұрасы
Фото: mysl.kazgazeta.kz: Twitter

Осы орайда түркі-қазақ дүниетанымын паш етер тұлғалардың тарихи танымдағы орны қаншалықты деңгейде таразыланды деген сауалдың ойға келері сөзсіз.

Өмір сүрген кезеңдері  хронологиялық алшақтықты қамтығанымен, бір географиялық аумақта дүниеге келіп, саналы ғұмырларын руханиятқа, білім мен ғылымға арнаған тұлғаларды тану, мұраларын зерделеу тарихнамалық мәселелерді қорытумен сараланады.

Отандық гуманитарлық ғылымда Әл-Фараби дүниетанымы мен Абай көзқарасы, қос ғұламаның шығармашылығы философиялық, әдебиеттанулық тұрғыда кеңінен зерттелгені мәлім.

Ал тарихи танымда көбінесе қоғамдық-тарихи құбылыстар аясында қарастырылып келді.

Көшпелілер әлемінен шыққан ұлы тұлғалардың мұраларын талдауда методологиялық әлсіздіктің сезілуі еуропацентризмнің адамзаттың ғылыми ойлау жүйесіндегі ықпалының әсерінен орын алды. Ғылымда ұзақ жылдар басымдыққа ие болған маркстік таптық методологияның түркілік өркениетнаманың ауқымындағы тақырыптарды көтеруге шамасы келмейтін еді. Сайын сахарадағы ерекше өркениет пен бірегей мәдениеттің қабысуын тарих философиясы тұрғысында пайымдау ғұламалардың мұраларын зерттеуде қаперге алынбады.

Қазақстан ғылымында тарих философиясына қатысты зерттеулер көп емес. Көшпенділік өмір салтының құндылықтар әлемін бағамдаудағы біржақтылық осы топырақта дүниеге келген тұлғалардың дүниетанымын, мұраларын жүйелеу, зерделеу мәселелеріне кедергі келтірді. Кезінде Әл-Фараби мен Абай мұрасындағы дүниетанымдық тінді қисындылықпен байланыстыруға тырысқан  ғалым Ақжан Машанов болды. Ғылыми ойлауға қысым жасалынған тоталитарлық жүйе тұсында өмір сүрсе де, көшпенділер өркениетін өзгеше пайымдап, екі алып тұлғаның мұрасын зерттеуде соны бағыт қалдырды.

Ғалым шығармашылығының негізгі арқауы әл-Фараби және оның ғылыми мұрасына арналды (Ш.Әбдіраманов). Мәселен, А.Машановтың «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» деген  туындысы үлкен ізденістен туған аса күрделі еңбек. Әл-Фарабидің мұраларын және энциклопедист ғұламаның өзін елге таныту үшін ғалым дүниежүзілік тарих мәселелеріне, әр замандағы қоғамдық-саяси өзгерістерге, табиғат пен адамзаттың қарым-қатынасы туралы ірі ойшылдардың ұстанымдарына мән береді.

Тарихи ой- сананың мифологиялық және рационалистік кезеңдерін, ортағасырлық тарихтағы діни пайымдамаларды қазақ оқырманына тыңғылықты түсіндіріп береді. Соның нәтижесінде Әл-Фараби мұраларын тарихи танымда зерттеуде назар аударарлық зор методологиялық жұмыстарды жасады.

Адамзат көшінің эволюциясында қоғамның таным зердесіне сұранысын сақтаған ғұламалар тарихта өте сирек. Оған Әл-Фараби бабамыздың мұралары ғана төтеп бере алады. Бұл асыра айтқандық емес.

Ортағасырлық  тарихи деректерде жиі кезігетін Отырар атырабында дүниеге келген түркі текті Әбу Насыр Әл-Фараби адамзатқа ортақ игілік – ғылымға, ғылыми танымға еңбек етті. Ғұлама бабамыздың Шығыс пен Батыс ғылымына бірдей дәреже де  мойындалуы бүгінгі ұрпағының әлемдік заманауи ғылыми үдерістерден сырт қалмауына серпін береді.

Әбу Насыр Әл-Фараби түркі руханиятындағы кемелдікті араб-ислам әлеміне танытып берді.

Дүниетанымдық өресі мен қисындық зердесінің тереңдігінің арқасында араб-ислам әлемін бағындырды, сол кезеңнің ғылыми санасын дамытуға қызмет етті. Ғұлама ғалым түркілердің араб-ислам өркениетіне қатысын мұрасымен әйгілеп қалдырды.

Қазақ ғалымы әл-Фарабиді тану барысында адам өмірінің мәнісіне қатысты  философиялық ой қорытуын білдірді. «Адамдық өмірдің негізгі мақсаты – шындық іздеу, шындық табу. Әл-Фараби өмірін соған арнаған адам екені айтылды. Әл-Фарабидің шындық іздеу жолы ғалами табиғат пен адамдық табиғатты тең ұстаған жол». Ғұламаның ғылымның әр саласына арналған еңбектерін талдауда тұтастықты, логикалық жүйелікті сақтайды.  Әл-Фарабидің ғылыми жаңалықтары және антикалық ойшылдар Аристотель, Платон еңбектерін талдауға қосқан үлесін жан-жақты саралауға күш салды.

Бүтін жаратылысты танудың концепциясын негіздеуі Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылымдағы шырқау биігі болса, оны туған халқына насихаттаған А.Машанов еді. Бүгінгі ұрпақ Әл-Фарабидің және басқа түркі әлемінен шыққан ғұламалардың ортағасырдағы араб-ислам ғылымын биік деңгейге көтергендігіне көз жеткізе алады.

Әл-Фарабиді тану, оның көзқарасы мен еңбектерін кең арналы зерттеулермен талдау жалпы  «адамзат өркениетінің»  мәнісін ұғынуға, адамзаттың өзінің ғаламдағы орнын анықтауға методологиялық серпін туғыза алады. Мұның өзі ежелгі шығыс (шумер мен Вавилон), одан әрі антикалық грек, Рим әлемі, Тұран-түркі және араб-ислам құндылықтары, буддалық-қытай-үнді өркениеті, еуропалық-христиандық әлемнің ортақ синтезделген мұрасына құрметті  сіңдіріп, адамзат ынсабын ауыздықтауға жол ашады.

Ақжан Машанов шынайы ғылымдағы ұлы тұлғалардың ғұмырының мәңгілік екенін дәлелдеді. Кейінгі тарихи кезеңдердегі қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың мұрасынан өткен дәуір ойшылдарының дүниетанымын, көзқарастарын іздеп, сабақтастықты, жалғастықты анықтап, жеке зерттеулер жүргізді.

…«Ел басына күн туған кездері қазақ халқының  екі данышпен ұлының есімдері біздерге рухани демеу болары талассыз. Олар: бірінші – Әл-Фараби, екінші – Абай. Менің ұғымымда Абай ұлы данышпан, қазақтың ақылшысы, ұстазы, досы, халқымыздың тірегі, сенімі, ар мансабының әділ таразысы», – деп жазды. Абай мұраларындағы ғылымға қатынасты одан әрі тереңдей талдады: «Абайдың ғылым жолдары жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде бар. Ол кісінің 17 және 31-32-інші сөздері түгелдей осы мәселеге арналған». Абайдың білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға шарттарын көрсете келе, оның ғылыми жолына тоқталады: құмарлық-махаббат, шыншылдық әдет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез» болуы тиіс. Ғалымның «Әл-Фараби және Абай» еңбегіндегі Абайды тануы осындай қорытындылармен тұжырымдалады.

Тарихи танымдағы Әл-Фараби мен Абай мұрасы
Фото: ia-centr.ru: Twitter

Абайдың ғақлияларын талдау мен пайымдауда математикалық, қисындылық әдістерді енгізіп,  «Абай үшкілі» категориясын негіздеді. «Абай үшкілі деп отырғанымыз үш саладан бас қосқан нәрсе: Қайрат, Ақыл, Жүрек. Абай өзінің 17-қара сөзінде осы үшеуінің өнерін салыстыра келіп, ғылымға билік айтқызады. Ғылым былай деп шешеді. Үшеуің де бірдей керексіңдер. Біріңсіз бірің жеке тұра алмайсыздар. Үшеуің бас қосыңдар. Мен сендердің аяңда боламын. Жүрекке басшылық беру керек. Мен сол жүректі қолдаймын. Дегенге келеді… Абай үшкілі даналық үшкіл», – деп түйіндейді.

Ғалымның Абай арқылы Әл-Фарабиді, Әл-Фараби арқылы Абайды тануға ұмтылысы ғылыми жаңашылдық бастама. А.Машанов талдауында Абай тек қоғамды ғана емес,  жаратылысты түсінуге, түсіндіруге бет бұрған ғұлама тұлғасында қабылданады.

Абай Құнанбаев өмір сүрген дәуір қазақ мемлекеттілігінің жойылып, империялық Ресейдің отарлық саясатының күшейген кезі. Дәстүрлі тарихи таным «Зар-заман» деген квинтэссенциямен түйіндеген кезең. Абайдың тарихи-қоғамдық көзқарасы мен мұраларындағы философиялық астардың қалыңдығы осындай күрделі тарихи жағдайдың әсерінен қалыптасты. Сыртқы мәдени-рухани экспансияға  қарсылықты халықтың рухы мен ділін жеткізген өз перзенті зерделі Абай атқарды.

Тарихи танымда Әл-Фараби мен Абай мұраларын кең ауқымда зерделеудің уақыты келді. Ғылыми танымның дамуы канондалған методологиялық қасаңдықтан емес, қисынды тың ізденістерге негізделген ғылыми әдіс-тәсілдердің пәнаралық синтезінің ұштасуымен салмақтана түседі.

Қос алып тұлғаның мерейтойлық шарасын ғылыми тұрғыдан өткізу ұлттың интеллектуалдық потенциалының көрсеткіші болмақшы.

Гүлбану  ЖҮГЕНБАЕВА, тарих ғылымының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі.

*материал Рухани Жаңғыру бағдарламана сәйкес дайындалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830491-tarihi-tanymdagy-l-farabi-men-abaj-mrasy/

pixel