RU

Әлемдегі ең биік ғимаратта Қазақстан туы бейнелену үшін ақы төленгені рас па

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте әлемдегі ең биік ғимараттың Қазақстан туының түсіне боялғанына қатысты жағдайға пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/kazakhstan_in_uae / Айбек Смадияров. Фото: Sputnik / Абзал Қалиев
Фото: instagram.com/kazakhstan_in_uae / Айбек Смадияров. Фото: Sputnik / Абзал Қалиев: Facebook
"Кеше Бурдж-Халифаның қасбеті ақы төленгендіктен Қазақстан жалауына боялған деген ақпарат тарады. Шын мәнісінде бастама БАӘ тарапынан басталды. Бұл мүлдем тегін акция", - деді Айбек Смадияров.

Оның сөзінше, бұл өте жиі кездесетін тәжірибе. Бұған дейін Тәуелсіздік күнінде бұл ғимарат Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей, Беларусь және басқа елдердің туының түсіне боялған. Дәл сол күні қасбет Бахрейн туының түсіне де боялған.

Смадияровтың айтуынша, "осыны жасау үшін СІМ қаражат немесе күш жұмсады деген болжамдар" шындыққа жанаспайды.

Сөз соңында сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мұның анық-қанығына көз жеткізбей, жағдайды осылайша баяндаған журналистер мен блогерлерді ұялуға шақырды.

"Бұл олардың ойлау қабілеті мен ақпараттық саясатқа көзқарасының таяз екенін көрсетеді", - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, Біріккен Араб Әмірлігі қазақ халқын Тәуелсіздік күнімен ерекше құттықтаған болатын.

Алғаш рет әлемдегі ең биік ғимарат (биіктігі 828 метр) Бурж-Халифа 16 желтоқсан күні Қазақстан туының түсіне боялған еді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1832319-sim-lemni-e-biik-gimaratyny-kazakstan-tuyna-boalganyna-katysty-pikir-bildirdi.html