RU

Семей облысында "Тұяқты қыз" жоғалып кетті

Ағымдағы жылдың көктемімен бірге Ақтоғай ауданына "тұяқты қыз" келіпті деген сөз желдей гулеп, жылдам тарады. Ол "жол жиегіндегі зираттан шығады екен, сосын жолаушылап күре жолда көлік тоқтатады-мыс" деген сөздер елді мылтық атқандай елең еткізді.

Ақтоғайлықтар күн батқаннан кейін ауылдары түгілі үйлерінен шығуға қорқып үрей құшағында болды.

Әрине, әр нәрсені ырымға балайтындар үшін бұл құбылыс "ақырзаман келіп қалды" деген ақпардан да асып түсті. Тіпті "Айқын" газетінің өткен сандарының бірінде аталған жайтты кеңінен жаздық. Содан бері айдың жүзі өтті. Қазіргі күні "тұяқты қыз" Ақтоғайдан "ауып" кеткен көрінеді. Ел арасындағы сөз де басылған сыңайлы. Дегенмен ара-тұра көтеріліп те қалады.

Газеттегі "Ақтоғайлықтарды алаңдатқан "тұяқты қыз" кім?" деген мақала шыққаннан бері телефонның тынышы кетті. Республиканың түкпір-түкпірінен танитын, танымайтын жандар қоңырау шалып, олардың да ауылдарында осындай жағдайдың болғаны туралы баяндады. Тіпті кейбірі "өзің көрдің бе" деп салды.

Соған қарағанда бұл өзі "қаңғыбас тұяқты қыз" болды. Е, бірақ жаны жылқы кентавр қыздың аяғына дауа бар ма? Ал Ақтоғайда біреудің жылы, біреудің жабдығында газеттегі мақаланы қиып алып жамағатқа оқып бергендер де болыпты.

Осылайша халықты сабырға шақырған көрінеді. Әрине, мұның астары адам жаны түрлі образда көрініс береді дегеннен шыққан әрекет болар. Қазір ел арасында "тұяқты қызды" көріпті-мыс дегендер азайып, ол қайдан келді деген топшылаулар жүр. Сонымен, біреулер бұл "тұяқты қыз" Семейден келген деседі.

Яғни ядролық полигонның құрбаны. Оны біреулер жасырын әкеп тастап кетіпті. Байғұс мүгедек болса қорымдарда қорғанып, молаларды паналап күн көріп жүр екен. Ал түнде Семейге баратын көлік табылып қалар деп жолға шығатын көрінеді. Яғни туған мекенін сағынып жүрсе керек-ті.

Екінші нұсқа бойынша бұл бір уақытта жылқышылар далада өлтіріп тастап кеткен қыздың жаны екен. Ол сол жылқышыларды іздеп жүрген сыңайлы. Яғни оларға кентавр болып оралып, кек алмақ ниетте көрінеді. Күлесің бе, жылайсың ба? Бірақ елдің аузына ешкім де қақпақ бола алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/183787-semej-oblysynda-tyyakty-kyz-zhogalyp-ketti.html