RU

"Үш рет полиция тоқтатты": KAZ.NUR.KZ тілшісі жол апатына қалай түскендерін айтып берді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

KAZ.NUR.KZ тілшісі Ардақ Ерубаева "Самара-Шымкент" тас жолында апатқа қалай түскенін баяндап берді. Журналист тұрғындармен кездесуге бара жатқан әкімнің соңынан ереміз деп, жол-көлік оқиғасына ұшыраған.

"Үш рет полиция тоқтатты": KAZ.NUR.KZ тілшісі жол апатына қалай түскендерін айтып берді

Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ

Ардақтың сөзінше, оқиға Қияқтыдан шыға Қалыбайға жақындаған тұста болған.

"Қаладан шыққанда, Хромтауда, Қарабұтақта үш рет полиция тоқтатты. Бұл да Алланың ескертуі болар. Әкімнің баспасөз қызметкері әкіммен бірге екенімізді, жиналысқа бара жатқанымызды айтқаннан кейін олар айқай-шумен әрең жіберді. Полиция тарапынан қатаң ескерту болды. Бірақ әкімнің аты аталғаннан кейін жабылған жерлерден оңай шықтық. Қарабұтақтағы кідірісте журналистер мінген шағын автобус тұрып қалып, әкімнің көлігінен көз жазып қалдық. Бәрі осы жерден басталды", - дейді тілші.

Айтуынша, әкімнің баспасөз қызметкері жүргізушіге жиналыстан кешігетіндерін, әкімнен қалып қойғандарын айта берген.

О баста сағатына 60-80 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көлік, әкімге жету үшін қатты жылдамдықпен жүріп, тіпті, ҚазАвтоЖолдың сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүріп бара жатқан жол талғамайтын көлігін басып озған.

Ардақтың сөзінше, жол апаты орын алған кезде облыстық телеарнаның қызметкері жанындағы терезеден ұшып, қардың үстіне түскен.

Ал өзіне көліктен шығуға сол жерде жүрген жігіттер көмектескен.

Сондай-ақ, ол апатқа ұшыраған тілшілердің жағдайына қарамастан ақылға сыймайтын өтініш айтқан облыс әкімінің қызметкеріне шамданды.

"Біз мына жақта ес жинай алмай жатқанда алдыға шығып кеткен облыс әкімінің көлігіндегілерден біреу хабарласып: "Операторлардан біреуің жақсы болсаңдар, келіп түсіресіңдер ме?" деген", - деп ашынды Ардақ Ерубаева.

Сондай-ақ, тілші журналистердің бас амандығын қамтамасыз етпеген әкімге шүйлікті.

"Қаншама адамның басын қауіпке тіккен кінәлілердің жазалануын сұраймын. Арнайы қауіпсіздік қызметімен келе жатқан әкім неге БАҚ өкілдерін күтпеді? Олар неге қауіпсіздік қызметімен қамтамассыз етілген жоқ? Біз әкіммен баратын болған соң сенімді болған едік. Әкім ең бірінші қауіпсіздікті қадағалау керек еді", - дейді ол.

Сонымен қатар, тілші Хромтау ауданының әкімдігіне, облыстық денсаулық басқармасына, аудандық ауруханаға, ҚазАвтоЖол қызметіне алғысын білдірді. Айтуынша, аударылған көлікке бір жарым сағаттан кейін ғана көмек келіп, жеткен.

Журналистің сөзінше, ең қатты жарақат алған - көлік жүргізушісі екен. Оның омартқасына ота жасалды деген ақпарат та пайда болған.

Еске сала кетейік, Самара-Шымкент тас жолында журналистер мінген автобус аударылып, KAZ.NUR.KZ тілшісі зардап шеккенін хабарлаған едік.

Кеуде қуысынан соққы алып, миы шайқалған Ардақ Ерубаева қазіргі таңда Хромтау аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Үш рет полиция тоқтатты": KAZ.NUR.KZ тілшісі жол апатына қалай түскендерін айтып берді
Mailfire view pixel