RU

Ақтөбедегі шипажайда жетім баланы ұрған тәрбиеші жұмыстан қуылды

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Ақтөбедегі балаларға арналған сүйек-өкпе туберкулезінің шипажайында шу шықты. Тәрбиеші балақайлардың көзінше жеткіншекті аямай ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана телеарнасына сілтеме жасап.

шипажай

Әлеуметтік желі арқылы тараған видеодан кадр

Әлеуметтік желі арқылы қалың көпшілікке тараған кадрларды шипажайдағы балалардың өздері түсіріп алған. Видеода тәрбиешінің ем қабылдап жатқандардың көзінше, жеткіншекті қолындағы затпен, аяусыз ұрып жатқаны көрінеді.

Шипажай дәрігерлерінің айтуынша, бұл келеңсіздік өткен жексенбіде болған. Бірақ оқиға жайлы тек кеше естіпті.

"Өзінің айтуы бойынша тек бір ғана баланы ұрған. Сол бала қарсы сөйлеп, тәрбиешіге жаман сөздер айтқан. Негізі тәрбиеші жиырма жылдан бері жұмыс істейтін адам. Жасы 57-де, бұрын соңды мұндай жағдайлар оның атына тіркелмеген", - деді Ақтөбе облыстық сүйек-өкпе туберкулезі "Шағала" шипажайының бас дәрігері Серік Жаңылсынов.

Бұл орталықта 106 бала емделуде. Видеоны түсіріп алған бала оны анасына жіберген. Жеткіншекті ата-анасы бірден үйіне алып кетіпті. Ал таяқ жеген ойын баласы тұл жетім болып шықты. Он жастағы жеткеншекті емдеу мекемесіне Қобда ауданынан жуырда әкелген. Болған жайтқа қатысты полиция тексеріс жұмыстарын бастады. 

"Аталған факті бойынша Алматы ауданының №4 полиция бөлімімен ҚР ҚК 140 бабы 2 бөлігі "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ғаламторға жылдам тараған бұл оқиға қоғамның наразылығын тудырды. Қазір оқиға орнына арнайы құрылған комиссия мүшелері жұмыс істеп жатыр. Кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғау инспекциясы мен прокурорлар да осында. Олар шипажайды түбегейлі тексермекші.   

Ал баланы сабаған тәжірибелі тәрбиеші жұмыстан қуылыпты. Тіпті, қасында қарап, еш әрекет етпеген қос көмекшісі де бүгін орындарын босатуға мәжбүр болған. 

Б.Рахметова

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда қызын кішкентайынан есірткі притондарына апарған ананың әрекеті белгілі болған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Ақтөбедегі шипажайда жетім баланы ұрған тәрбиеші жұмыстан қуылды
Mailfire view pixel