RU

Коронавирус: "ҚазМұнайГаз" қызметкерлерінің шетелдік іссапарларына шектеу қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алик Айдарбаевты қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Instagram

Кездесу барысында ел президентіне ұлттық мұнай-газ компаниясының 2019 жылғы жұмыстарының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған даму жоспарлары жөнінде баяндалды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Қазмұнайгаз" ҰК акционерлік қоғамының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар, әлемнің көптеген еліне коронавирус індетінің таралуына байланысты компанияның қабылдаған шаралары туралы мәлімет берілген.

Сонымен қатар компанияда қызметкерлердің шетелдік іссапарларына шектеу қойылып, өндіріс орындары мен офистерде алдын алу шаралары қабылданған.

Мемлекет басшысы вирустың өндіріс үдерісіне және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына кері әсерін азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 3050 адамға жеткен. Соңғы тәулікте 30 адам жұқпалы аурудан қайтыс болған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1844304-koronavirus-kazmnajgaz-kyzmetkerlerini-seteldik-issaparlaryna-sekteu-kojyldy.html