Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сенім артсаң да, қадағала: Жалдамалы жұмыскерлерге медициналық сақтандыру туралы не білу керек

Опубликовано:

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төлемдерді жүйелі түрде, уақытылы және міндетті аударып отыру сынды үш басты шартты орындау қажет. Өкінішке орай, кей жұмыс берушілер бұл талаптарды сақтамауы салдарынан 1 сәуірден бастап жүздеген мың қазақстандықтар МӘМС жүйесінен сырт қалуы мүмкін. Мұндай қолайсыз жағдайға ұшырамау үшін не істеу керектігін NUR.KZ түсіндіреді.

Сенім артсаң да, қадағала: жалдамалы жұмыскерлерге медициналық сақтандыру жүйесі туралы не білу керек?
Фото: Асель Кенжалина: Facebook

Жалдамалы жұмыскер үшін жарналар мен төлемдерді жұмыс беруші жасауға міндетті. Жұмыс беруші Медициналық сақтандыру қорына тиесілі жарна мен төлемдерді ай сайын ұстап, аударып тұруы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылға төлем көлемі жұмыскердің табысының 1 %-ын, жұмыс берушінің өз қаржысының есебінен айлық жалақы қорының 2%-ын құрайды.

Медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша Қазақстанда 127 мың жауапкершіліксіз жұмыс берушілердің кесірінен 613 мың адам медициналық сақтандыру пакетінің аясында көрсетілетін медициналық көмек пен қызметтерден қағылуы мүмкін. Бұл соңғы үш айда жұмыс берушілері Қорға жарна аудармаған жалдамалы қызметкерлер. 1 сәуірден бастап олар сақтандырылмаған болып есептеледі де, толыққанды медициналық көмек ала алмайды.

Қор өкілдерінің айтуынша, жұмыс берушілердің жарналар мен төлемдерді уақытылы аудармауының себептері әртүрлі.

«Кей жұмыс берушілер бухгалтердің қателігінің салдарынан жарналарды уақытылы ұстап, аудармаған, ал кейде бұл түйіткілдің туындауы жұмыстың маусымдық сипатымен байланысты. Мысалы, коммуналдық жүйелерді жөндеу немесе ауыл шаруашылығы саласында жұмыскерлерді жазғы уақытқа жалдайды да, сол мерзімге ғана төлем жасайды. Ал маусым біткесін жұмыс та, төлем де тоқтайды. Кей азаматтар жұмыстан шығып, қызмет ауыстыруы немесе мүлде жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірақ жеңілдігі бар санаттарға жатпайды. Мұндай жағдайда біз оларды жергілікті атқарушы органдар арқылы тауып, тәуекелдер туралы ескертуге тырысамыз»,-дейді Қордың атқарушы директоры Азамат Өміртаев.

Мұндай қолайсыздықтың алдын-алудың жалғыз жолы - МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді және жарнаның Қорға аударылғанын ай сайын қадағалап отыру. Бұл үшін egov.kz электрондық өкімет порталы арқылы «Медициналық қызмет тұтынушысы ретінде қатысу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған ақша бөлу сомалары/жарналар туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметіне жүгініп, соңғы 12 ай бойынша мәлімет берілген анықтама алу қажет.

Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады. Егер медициналық сақтандыру жүйесінен шығып қалған болсаңыз, бірінші кезекте бұның себебін тікелей жұмыс берушіден сұрау қажет.

«Аталмыш жағдайда жұмыс беруші заңнаманы бұзуға жол бергені туралы мемлекеттік кіріс органдарын және еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияны хабардар ету қажет. Мұндай заң бұзушы жұмыс берушілерге айыппұл салынады»,-дейді Медициналық сақтандыру қорының өкілдері.

Төлемдер мен жарналардың уақытылы және толыққанды аударылуын мемлекеттік кіріс органдары қадағалайды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер төлемдерден жалтарған жағдайда банк есепшоттары мен кассадағы шығыс операциялары тоқтатылып, айыппұл салынады.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексіне сәйкес, МӘМС-ке төлемдер мен жарналарды төлеуден жалтарғаны немесе уақытылы жүргізбегені үшін жұмыс берушіге бірінші рет ескерту жасалады. Заң бұзушылық қайталанса аударылмаған төлемдер мен жарналардың сомасының 20-50 % көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге, өсімақы қарастырылған.

Жұмыс беруші өз міндеттемелерін уақытылы орындамай, ал азамат МӘМС пакеті аясындағы медициналық көмекке дәл қазір мұқтаж болған жағдайда, өз бетінше төлем жасау механизмі қарастырылған.

«Жұмыс беруші тарапынан төлемдер мен жарналар жасалмаған жағдайда, әрбір азамат өзі үшін жеке төлемші ретінде жарна аудара алады. Жарна көлемі ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ын, яғни 2 125 теңгені (2020 жылға –авт.еск.) құрайды. Бұл жағдайда азаматтың әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алуға құқы бар»,-дейді Азамат Өміртаев.

Ал жұмыс беруші ӘМС қорына жұмыскер үшін төлем аударса, жұмыскер өз бетінше төлеген жарнаны қайтара алады. Бұл үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне төлемді қайтару туралы бекітілген үлгі бойынша арыз жазып, растайтын құжаттарды қоса өткізу керек. Мұнда аударым жасалғаны 5 жұмыс күні аралығында тексеріліп, бұдан соң арыз Қорға жолданады. Қордың арызды қарау мерзімі – 7 жұмыс күні.

Жалдамалы жұмыскер бола тұра, жұмыс берушімен еңбек келісімі болмаған жағдайда (естеріңізге сала кетейік, бұл еңбек заңнамасын бұзу болып табылады және жұмыс беруші бұл үшін жауапты), медициналық сақтандыру пакетінің қызметіне жүгіну үшін азамат жеке төлемші ретінде өз бетінше жарна аударып тұруы тиіс.

Медициналық сақтандыру туралы туындаған барлық сұрақтарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының www.fms.kz сайтынан жауап алуға немесе 1406 байланыс орталығына тегін хабарласуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1845219-senim-artsa-da-kadagala-zaldamaly-zmyskerlerge-medicinalyk-saktandyru-turaly-ne-bilu-kerek/

pixel