RU

"Болашақ" қауымдастығының мүшесі көмекке мұқтаж жандарға 25 млн теңге аударды

«Біз біргеміз» акциясы аясында тұрмысы төмен отбасыларға қажетті тауарлар тарату жалғасуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Болашақ» қауымдастығы мүшесі көмекке мұқтаж жандарға 25 млн теңге аударды
Фото : Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы: Facebook

«Болашақ» қауымдастығы Мемлекет басшысы бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» акциясына қолдау білдірді. Бүгін еріктілер мен қауымдастық мүшелері аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналар мен ҰОС ардагерлеріне азық-түлік себеттері мен гигиеналық заттар жеткізіп берді.

«Болашақ» қауымдастығы мүшесі көмекке мұқтаж жандарға 25 млн теңге аударды
Фото : Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы: Facebook
«Біз «Болашақ» президенттік стипендиясының қауымдастығы ретінде, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Атап айтқанда, қауымдастықтың басқарма мүшесі Еркебұлан Ілиясов «Нұрлы Астана» қорына гуманитарлық көмек үшін 25 миллион теңге аударды. Сонымен қатар ол «Nur Otan» партиясы жанындағы «Біргеміз» қорына 50 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті», – дейді «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Азық-түліктерді таратуға еріктілер мен көмек беруге ниетті қала тұрғындары қатысты. Бүгінгі игі шараға 200-ге жуық отбасы қатысты.

«Барлығына көмек көрсету керек деп айту көп адамға оңай. Шын мәнінде, өзге жандарға қол ұшын соза бастаған кезде, көмекке мұқтаж адамдардың әртүрлі өмірлік жағдайын көресіз. Сондықтан ерікті болу – үлкен еңбек екенін айтқым келеді. Көбіне адамдар қуанып жатады. Бұл жасаған еңбектің ақталғаны деп ойлаймын», – дейді волонтер Исланбек Байманов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1853570-bolasak-kauymdastygyny-msesi-kmekke-mktaz-zandarga-25-mln-tege-audardy.html