RU

Семейде із-түссіз жоғалған 19 жастағы қыздың мәйіті өзен жағасынан табылды

Семейде із-түссіз жоғалған Айым Қамзаеваның денесі саяжай массивіндегі ипподром аумағында өзен жағасынан табылды. Үйінен кетіп, қайта оралмаған қызды іздеу жұмыстарына ұлттық ұландықтар, полицейлер, құтқарушылар мен еріктілер қатысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Семейде із-түссіз жоғалған 19 жастағы қыздың мәйіті өзен жағасынан табылды
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі: Twitter

Бойжеткеннің денесін су арналарын іздеген еріктілер тауып алды, ал құтқарушылар суда жұмыс істеді. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінде хабарлағандай, қыздың тұлғасы расталды. Ол - 3 мамыр күні жоғалған 19 жастағы семейлік қыз.

Ведомство ақпарынша, Семей тұрғынының денесінен жарақаттар немесе басқа да зақымдар байқалмаған. Өлім себебін анықтау мақсатында бірқатар сараптама тағайындалды, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Осыған дейін Айым Қамзаеваның үйден 3 мамыр күні шығып, қайта оралмағаны хабарланған еді. Оны іздеу жұмыстарына құқық қорғау органдары мен төтенше жағдай жөніндегі департамент күштері және еріктілер жұмылдырылды. Жас қызды іздеу жұмысына 549 тәртіп сақшысы қатысты. Оның барлық таныстары, баратын орындары тексерілді. Сыртқы бейнекамералар да зерттелді, дрондар да қолданылды. Бірақ, бойжеткеннің ізі Жаңа көпір ауданында жоғалды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1856021-semejde-iz-tssiz-zogalgan-19-zastagy-kyzdy-mjiti-zen-zagasynan-tabyldy.html