RU

"Ұлды болсам, той жасаймын": Алматыдағы блок-бекетте көз жұмған полицейдің арманы

Алматы қаласына кіре берістегі блок-бекетте орын алған жол апатынан көз жұмған полиция қызметкері Жарас Жанғазиев ұлды болуды 10 жыл күтіпті. Ол қайтыс боларының алында көршілерінің үйін аралап, айт мейрамымен құттықтап шыққан деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап.

Фото: polisia, Telegram
Фото: polisia, Telegram: Instagram

Басылым мәліметінше, марқұмды кеше туыстары мен Әйтей ауылының тұрғындары жер қойнына тапсырған. Жарас Жанғазиев құқық қорғау саласында 19 жыл қызмет атқарған екен.

Оның жақындары жол көлік оқиғасына қатысты жалған мәлімет бергендерге реніштерін білдірді.

"Ол менің ағамдай болып кеткен. Қазіргі уақытта Жарастың қарт әке-шешесі мен жары сіздермен тілдесетін жағдайда емес. Бірақ біз олардың орнына сөйлеп, ренжулі екенімізді айтсақ деп тұрмыз.
Сіздер (Алматы қаласының полиция департаменті – ред.) неге Жарастың аты-жөнін, жасын қате жаздыңыздар. Сонда өз қызметкерлеріңді танымайсыңдар ма? Жарастың әке-шешесі қайғыны көтере алмай жатыр. Әйелі де тілдесуге жарамайды", - деп ашуланды Әйтей ауылының тұрғыны Мира Ешниязова.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, полиция қызметкері отбасымен, ата-анасымен шағын үйде тұрып келген. Жуырда ғана үлкен үйдің іргетасын қалап, қабырғасын көтеріп үлгеріпті.

"Түнгі кезекшіліктен соң демалысқа шығып, үйімнің шатырын жабам деген еді. Мен жұмысқа бармай - ақ қойсаңшы, бір күннің ары-берісі не дедім. Шатырының ағашын түсіріп қойған, жұмысшылар әлі жүр. Ажалы ғой… Өте ақкөңіл, кішіпейіл еді. Ұлым дүниеге келгенде ауылға той жасаймын дейтін. Екеуміздің үйіміз қатар тұр", - деді көршісі Бақытбек. 

Марқұмның жақындары асыраушысыз қалған отбасын мемлекет өз қарауына алуы керек деген пікірде.

"Артында ата-анасы мен бала-шағасы қалды. Үйін де бітіре алмады. Енді үкімет осы үйді бала-шағасына салып бітіріп беруі тиіс. Кең үйде қиналмай тұруы қажет" - деді туысы Гүлжауар Айтжанова.

Жарастың Оралдан келген нағашысы болса, оның ата-анасы үлкен кісілер екенін айтып, қайғыдан инсульт алып қалмаса екен деп қорқып жүр.

"Әйелінің аяғы ауыр, баласын түсіріп алмаса екен деп қан жұтып отырмыз. Жарастың тұяғы ғой, аман қалса болды. Соттың әділ өткенін қалаймыз. Оның отбасын мемлекет өмір бойы қамтамасыз ету керек", - деді нағашысы.

Марқұмның жеңгесі де полиция қызметкері туралы естелікпен бөлісті.

"Өмірін адамдардың тыныштығын қорғаймын деп өткізді. Енді әділдік болса, бізге керегі сол. Сонша жыл жұмыс істегенде тұрғызғаны міне – төрт-ақ қабырға, мемлекетке өмірін арнаған адамның жағдайы осы. Артында басқа ештеңе қалған жоқ", - деді ол.

Ауылдасы Мира Ешниязова оқиға болардың алдында Жарас көршілерінің үйін аралап, айт мерекесімен құттықтағанын жеткізді. Марқұм сол уақытта 10 жылдан бері күткен ұлы дүниеге келсе бүкіл ауылға той жасайтынын айтыпты.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.

Осыдан кейін күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде түрлі деректер шықты. Оның тәртіп сақшысы болғандығы да айтылды.

Осыған байланысты Алматы полиция департаменті пікір білдірі, жантүршігерлік жол апатына күдікті - полиция қызметкері деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ал кеше құзырлы орган жол апатына кінәлі азаматтың бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады. Департамент күдіктінің осыған дейін өз қызметіне салғырт қарағаны үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857783-ldy-bolsam-toj-zasajmyn-almatydagy-blok-bekette-kz-zmgan-policejdi-armany.html