RU

Франция 15 маусымнан бастап Еуроодаққа шекарасын ашуды жоспарлауда

Коронавирус пандемиясынан айтарлықтай зардап шеккен елдердің бірі Франция оқшауланудан шығудың екінші кезеңіне өтетінін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Хабар 24"-ке сілтеме жасап.

Франция 15 маусымнан бастап Еуроодаққа шекарасын ашады
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Келесі дүйсенбіден бастап, француздардың өмірі өзгеше сипат алатын болады.

Екінші кезең жалпы оқшауланудан шығудың соңғы кезеңі емес. Кезең 22 маусымға дейін жалғасады. Ал біраз шектеулер, әсіресе зардап шеккен аймақтарда, 22 маусымға дейін сақталады.

Бірінші басты жаңалық – барлық мектептер кезең-кезеңімен ашылады, бірақ онда бару ерікті түрде болып қалады, ешкімді мәжбүрлемейді. Франциядағы оқу жылы тек шілде айының басында аяқталады.

Дүйсенбіден бастап барлар, кафелер мен мейрамханалар есіктерін айқара ашатын болды. Бүкіл Францияда үстелді мейрамхананың ішінен немесе сыртынан таңдауға мүмкіндік болады, ал Париж аймағында тек террасалар ғана жұмыс істейді.

Француз астанасы мен оның айналасы қызғылт-сары аймақта орналасқан, сондықтан мұндағы туристік инфрақұрылым жаңа тәртіпке дейін жабық күйінде қалады.

"Еуропалық одақтың сыртқы шекаралары туралы. Біз вирус қай елдерде тым жоғары көрсеткішке ие екенін, қай елден туристерін қабылдау қауіпті болатынын бірге анықтауымыз керек. Бұл шешім ұжымдасқан түрде қабылданады. Егер санитарлық жағдай мүмкіндік берсе, Францияның ЕО шеңберіндегі шекарасын 15 маусымнан бастап ашуды жоспарлап отырмыз. Елге кірген туристер олардың шыққан елімен өзара негіз бойынша карантинге жатқызылады",– дейді Франция премьер-министрі Эдуард Филипп.

Сонымен қатар, француздардың өздері ел ішінде еркін қозғалатын болады. 100 шақырымға дейінгі шектеу бірнеше күннен кейін алынады.

Билік вирустың таралуы бақылауға алынғанын да айта кетті дегенмен бұл сақтық шараларын қолданудың маңыздылығын жоймайды. Керісінше, қозғалыс еркіндігі әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді.

Франциядағы ауру деңгейі бақылауда болады, егер шекті мәннен асып кетсе, жалпы оқшаулау тәртібін қайта енгізілмек.

22 маусымда үкімет жағдайды қайта талдамақ, егер бәрі ойдағыдай болса, мемлекет оқшаулаудан шығудың үшінші кезеңіне көшеді.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы екі аптада Бразилияда болған шетелдіктердің елге кіруін тоқтатты. Себебі Латын Америка елінде коронавирус жұқтырғандар саны қарқынды түрде өсіп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1857993-francia-15-mausymnan-bastap-euroodakka-sekarasyn-asudy-zosparlauda.html