RU

Салмағы 8,5 тонна болатын екі жүк көлігін қатар сүйреген зайсандық жігіт елді тәнті етті (видео)

Шығыс Қазақстан облысының спортшылары карантин уақытында да қарап жатпай, жаттығу жұмыстарын жалғастыруда. Соның айқын дәлелі – Зайсан ауданындағы гір көтеруші Қуаныш Қыдырпатша. Жақында ол екі жүк көлігін қатар тіркеп, сүйреп жүргізген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Алтайньюс"-ке сілтеме жасап.

Зайсандық жігіт салмағы 8 жарым тонна болатын екі жүк көлігін қатар сүйреді (видео)
Фото: Видеодан кадр/ Алтайньюс: Getty Images
"Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия чемпионы және гір спорты бойынша еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Қуаныш Қыдырпатша бірнеше апта бұрын ғана ГАЗ-53 жүк көлігін арқанмен тартып жүргізген. Бірақ рекордын қайта жаңартпақ болған спортшы  ГАЗ-53 жүк көлігіне тағы да  ЗИЛ-130 маркалы екінші жүк көлігін тіркеп, екеуін бірге 10 метрге дейін сүйреп апарды. Екі жүк көлігін қосқандағы жалпы салмағы 8,5 тонна болады", - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Қуаныш Қыдырпатша 2014 жылдан бері Зайсанда. Қазіргі таңда гір спортынан шәкірт тәрбиелеп отырған аға жаттықтырушы. Ол карантинде жай жатпай, бұрыннан қызығып жүрген ісімен айналысып көруді жөн тапқанын айтады.

Зайсандық жігіт салмағы 8 жарым тонна болатын екі жүк көлігін қатар сүйреді (видео)
Фото: Алтайньюс: Instagram
"Біздің спорт – экстрим, күштік спорт түрі ғой. Ауыр көліктерді тартып көруге қызығушылығым бұрыннан бар. Бұған дейін жеңіл көліктерді сүйреп жүргенмін. Арқа, аяқ бұлшық еттерін шынықтыруға жақсы. Карантин кезінде осы ойға алған ісімді жүзеге асырып көруге бел будым. Алдағы уақыттарда тағы да күшімді сынап көргім келеді", - дейді спортшы.

Спортшы енді 18 тоннаға дейінгі жүкті еңсеріп көрмек.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бес жылда денесін адам танымастай өзгерткен Азамат Сапаров есімді жігіт жайлы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864173-salmagy-85-tonna-bolatyn-eki-zk-kligin-katar-sjregen-zajsandyk-zigit-eldi-tnti-etti-video.html