Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорада отырған сияқтымыз": Ақтөбедегі көпқабатты үй тұрғындары жанайқайын айтты

Опубликовано:

Ақтөбедегі көпқабатты үйдің дәл алдынан ашылған мал бордақылау алаңына наразы жұрт жанайқайын жеткізді. Айтуларынша, қаланың қақ ортасынан қасапхана ашылғалы айналаның бәрі тезек сасиды. Аулаға шықпақ түгілі, терезесін аша алмайтын ағайын атқамінерлерге талай айтыпты. Алайда, тұрғындардың үнінен ешкімге құлақ аспаған көрінеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"Қорада отырған сияқтымыз": Ақтөбедегі көпқабатты үй тұрғындары жанайқайын айтты
Видеодан кадр: Еуразия бірінші арнасы: UGC

Ақтөбедегі дауға себепкер болған қоршаудың артында не болып жатқанын ешкім білмейді. Тұрғындардікі тек болжам ғана. Зәулім үйде тұратындар екінші қабаттан аулада тек мал көретіндерін айтады. Арасында сиыры, жылқысы, қойы бар екен.

Даудың басы сол төрт-түліктен шыққан. Нәжістің иісі қолқаны қауып, сол маңда тұратындар ауласына шығудан қалыпты.

"Қорада отырған сияқтымыз! Қасыңда, аулаңда мал сойып, ішек-қарын ақтарып қойғандай иіс шығады", - дейді тұрғын Анар Қыдырқызы.

"Қызылжар-3"-тің тұрғындары бұл жай ғана малдың нәжісінің иісі екеніне күмәнмен қарайды. Олар шаруа қожалығының иесі аулада малды бордақылап қана қоймай, заңсыз соятын секілді деп топшылайды. Топшылайтын себебі, жөн-жосығын айтатын аулада тірі жан көрінбейді. Сосын тұрғын біткеннің бәрі биік дуалдан сығалап қояды. Басқа амалдары жоқ.

Сасық иіске тұншығып, амалы таусылған жұрт Ақтөбенің Алматы ауданының әкімдігіне шағымданған. Арыздарында тап есігіміздің алдында мал ұстап, бордақылауға бізден ешкім рұқсат сұраған жоқ деп жазыпты. Әкімдіктегілер арызды тиісті бөлімдерге жолдаймыз деген.

"Тексеріп қарады да, бұл рұқсат алынған жер деді. Жер болса, оны қала статусы берілмей тұрғанда алынған жер. Енді статус берілгеннен кейін өзгертуге болмай ма? Қала сыртына шығаруға? Мұны тұрғындарға үй салуға берсін!", - дейді тұрғын Жұмағазы Мұхамбет.

Алматы ауданы әкімдіктегілер 1 гектар жер ешқандай "ағасы да, көкесі де жоқ" қарапайым тұрғындікі деп отыр. Істеп отырған шаруасы да-заңды дейді. Ақтөбе екі ауданға бөлінбей тұрғанда, аталған аумақта мал ұстап, қосалқы шаруашылық жұмыс істеуіне рұқсат берілген сәтте тұрғын құжаттарын заңдастырып алған. Енді тек ескертуден басқа еш шара қолдана алмаймыз дейді әкімдіктегілер.

"Қосалқы шаруашылық жүргізу үшін оларға рұқсат етілді. Қожайынымен сөйлесеміз. Олар малды бордақылап, жаңағы заңсыз сойды дейді. Мал соятын арнайы орын бар, соған апарып сойсын деп айтамыз", - дейді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бақұзақ Дарин.

Шаруа шенділердің ескертуінен нәтиже шығара ма, жоқ па оны уақыт көрсетпек.

Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысы Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласындағы Байтұрсынов және Космонавт көшелерінің тұрғындары көпқабатты тұрғын үйлердің айналасындағы қоқыстан неше жылдан бері құтыла алмай жүргендерін айтып, шағымданған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865414-korada-otyrgan-siaktymyz-aktbedegi-kpkabatty-j-trgyndary-zanajkajyn-ajtty/

pixel