RU

ҚМДБ жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирус індеті кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты халыққа үндеу жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы muftyat.kz-ке сілтеме жасап.

Көрнекі фото: wikipedia
Көрнекі фото: wikipedia: Instagram

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде жүргізіліп жатқан карантин шараларын сақтай отырып, індеттің алдын алу мақсатында ел азаматтарын жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты төмендегі талаптарды орындауға және дін қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырады.

  • Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізуге;
  • Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағуға, қол алысып амандаспауға;
  • Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізуге, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтаруға;
  • Зейнет жастағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспауға;
  • Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға;
  • Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеуге;
  • Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелуге;
  • Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. Құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтатуға тұрғындарды шақырып отыр.
"Қадірлі мұсылман қауым! Ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін.

Алла Тағала: "Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар", – деп ескерткен ("Бақара" сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды", – деген (Ибн Мажә).

Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары "Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады" деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет. Алла Тағала елімізді, халқымызды жаман аурудан, түрлі пәле-жаладан сақтап, тыныштық пен амандық нәсіп еткей!", - делінген ҚМБД хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы карантин жағдайында Құрбан айтты атап өту тәртібін түсіндірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865669-kmdb-zanaza-namazy-men-zerleu-rsimin-tkizuge-katysty-mayzdy-mlimdeme-zasady.html