RU

Көбейтұзда емдік қасиет бар ма: Комитет пікір білдірді

Экология министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов Көбейтұз көлінің емдік қасиетіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілттеме жасап.

Көбейтұз. Фото: instagram.com/gau_kim
Көбейтұз. Фото: instagram.com/gau_kim: Depositphotos

Зұлфұхар Жолдасовтың айтуынша, олар ғажайып көлдегі қазіргі ахуалға алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі әлеуметтік желіде бұл көлге қатысты ақпаратқа толып кеткен. Сондықтан комитет өкілдері бәрін өз көздерімен көру үшін Көбейтұзға арнайы барған.

"Көл 640 га аумақты алып жатыр. Тереңдігі бір жарым метр. Көп адам қызғылт түс тұздан немесе топырақтан шығып тұр деп, қате ойлайды. Белгілі бір микроағзалар көлді осындай түске бөлеп тұр", - дейді Зұлфұхар Жолдасов Ақмола облысына орналасқан Көбейтұз көліне баспасөз туры барысында.

Оның айтуынша ерекше түсімен елді ынтықтырып отырған мұндай көл Қазақстаннан бөлек Австралия мен Канадада да бар. Дегенмен Көбейтұздың түсі ерекше болғанымен оның емдік қасиеті жоқ дейді Зұлфұхар Жолдасов.

"Біздің бірегей көліміз өзінің ерекше түсімен халықты ынтықтырып отыр. Әлеуметтік желіде демалыс күндері қаншама халықтың осында келетінін көрдіңіздер. Көлдің қандай да бір емдік қасиеті бар деп, халық бекер ойлайды. Шынтуайтында бұл көлдің ешқандай қасиеті жоқ. Бұл басқа көлдерде бар тұз. Артық ештеңесі жоқ. Соған қарамастан демалыс күндері осында келген халық тұз бен батпақты алып кетіп жатыр. Осы көлге келе жатып, тіпті адамдар көл тұзының келісін 5 мың теңгеге сатқысы келетіні туралы хабарлама тарағанын да көрдім. Әлбетте бұл шындыққа жанаспайды", - дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін коронавирусты емдейді деген желеумен Көбейтұз көлінің тұзы келісі 5 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы хабарлама желіде пайда болғаны жайлы жазған едік.

Сонымен қатар Татьяна есімді желі қолданушысы Көбейтұз көліне келушілердің тұзды шелектеп алып кетіп жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865848-kbejtzda-emdik-kasiet-bar-ma-komitet-pikir-bildirdi.html