Выйти
RU

Теміржолда құрметін тапқан отбасы

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қазақстандық теміржолшылар тамыз айының бірінші жексенбісін асыға күтеді. Дәстүр бойынша бұл күні кәсіби мереке - Көлік қызметкерлері күні аталып өтеді. Теміржолшылар күні деген атауға ие болған бұл мереке - теміржол саласында еңбек еткен және еңбек етіп жатқан барлық адамды біріктіретін ортақ мереке. Әсіресе, бұл күн Маңғыстау облысында тұратын Нұрмағамбетовтер отбасы үшін өте ерекше.

Фото авторы: Шахида Жұман

Фото авторы: Шахида Жұман: Depositphotos

Бір отбасында ерлі-зайыптының екеуі де жетістікке жететіндер сирек кездеседі. Сондай абыройға жеткен жанұялардың бірі Маңғыстау теміржолында еңбек ететін Нұрмағанбетовтар әулеті. Маңғыстау қалпына келтіру пойызының бастығы Маралбек пен Маңғыстау станциясында дөңес кезекшісі Рая өмір айдынында қол ұстасып қатар келе жатқанына отыз бес жылға таяпты.

Екеуі де Гурьев теміржол техникумын бітірген маман. Қазіргі кезде теміржолдағы ең құрметті атақтың иегерлері.

Тағы да оқыңыздар

Құрбан айт күндері Шымкент кіреберістеріне 17 бекет қойылды

Маралбек 2016 жылы, екі жылдан соң Рая ханым "Құрметті теміржолшы" атанды. Ынтымағы жарасқан жанұя осылайша қоғамның ғана емес, теміржолдың да белді жұптарына айналды. Бір қызығы бұл кісілердің өмірі теміржолмен біте қайналысып кеткені сонша, екеуін табыстырған да, тағдырын тоғыстырған да осы теміржол.

"Теміржолшы болғаныма еш өкінбеймін. Осы кәсібімнен береке таптым және де өз серігімді, балаларымның анасын осында жолықтырдым. Ол да бір қызық оқиға. Онда жас жігітпін. Жасым небәрі 23-те. Бұрынғы Гурьев теміржолының Туманный станциясында кезекші кезім. Біздің станцияға жүмысқа келген Раямен таныстығымыз 1985 жылы басталды. Араға бір жыл салып, 1986 жылы шаңырақ көтердік...", - деп жымия еске алған Маралбек аға қазір теміржолшы емес, мұғалім болып жүруі де мүмкін еді.

Тағы да оқыңыздар

“Мұндай басшылар сирек”: Тұрғындар Талғар ауданы әкімін ақтық сапарға шығарып салды

Әкесі Нәжімеден өмірбойы Нарын құмында мұғалім болыпты. Ол кездерде ұстаздың мәртебесі жоғары. 45 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жанды ел құрметтеп, қадірлейтін. Сондықтан перзенттерінің ұстаздық жолын жалғағанын қалапты. Маралбекті де мұғалім болуға үгіттеген.

"Жүрек қалауым теміржол бағытына бұра берді. Бала кезден соны армандадым. Станция бойында өскесін қой бағып жүріп өткен-кеткен пойыздарды тамашалап жүретінмін. Көрінбей кеткенінше артынан тамсана қарап, бала қиялға берілетінмін. Оған мініп көру ғажайып бір нәрсе еді", - дейді Маралбек аға.

Мұнайшылар отбасында өскен Рая да жастайынан нағашыларының жарқ-жұрқ еткен формаларына қызығып, теміржолшы болуды армандапты.

"Оқуымды бітірген соң теміржолшы жолдасыммен жолығуым осы кәсіпке басыбайлы байлануыма себеп болды. Өзге жұмысқа кетуді ойламадым да. Исатай станциясында жұмыс істеп жүргенде екі қыз, бір ұлымыз дүниеге келді. Ата-ене, күйеуімнің қарындасымен бірге тұратынбыз. Сол кісілер көмектесіп, жұмысқа ойланбастан барып келуімізге мүмкіндік жасап отырды", - дейді Рая ханым.

Тағы да оқыңыздар

Қазақстан президенттігіне үміткер болған белгілі профессор өмірден өтті

2007 жылы Маңғыстау жол бөлімшесі ашылғанда бөлімше директорының шақыртуымен ерлі-зайыпты теміржолшылар түбекке қоныс аударады. Маралбек бөлімшенің пойыз диспетчері – бөлімше кезекшісі жұмысына кіріссе, Рая мұнда да дөңес кезекшісі болып қабылданады.

Қазіргі кезде олардың ұлы Самат Маңғыстау локомотив пайдалану депосында үшінші класты машинист. Өткен жылы түсірген келіндері Алтынгүл де теміржолшы. Осылайша құрметті теміржолшылардың түбек теміржолындағы жемісті жылдары жалғасып келеді.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Теміржолда құрметін тапқан отбасы