Выйти
RU

"Орны ойсырап қалды": Танымал тұлғалар Үшкемпіровтің қазасына аза тұтуда (фото)

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Бүгін, 2 тамыз қазақ спортшы үшін қаралы күн. Мәскеу Олимпидасында бозкілем үтсінде атой салып, алтыннан алқа алған ардагер палуан Жақсылық Үшкемпіров 69 жасында дүние салды. Ел ағасының қазасы туралы хабар барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Барыс", "Құрмет" "Парасат" ордендерінің иегерін танымал тұлғалар еске алып, аза тұтуда деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/kazakhstan_wrestling

Фото: instagram.com/kazakhstan_wrestling: UGC

Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ел ағасының қазасы бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы екенін мәлімдеді.

"Әйгілі палуан, қазақ спортының алыбы, Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Бұл - тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы. Өйткені Жақсылық ағамыз – есімі әлемдік спорттың тарихына алтын әріппен жазылған тұлға.

Ағамыз өмірінің соңына дейін ұлттық спортты өркендетуге қызмет етіп, талай тарланымыздың топ жаруына септігін тигізген жан. Отанды сүюдің озық үлгісін көрсеткен Жақсылық Әмірәліұлының ғибратты ғұмыр жолы мен игілікті істері өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қалады.

Жақсылық ағамыздың отбасы мен ағайын-туысына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", - деді ол.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі мен ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталатынын тілге тиек етті.

"Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан даңқты балуан, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Мəскеу Олимпиадасының чемпионы, Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, Әлем чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Жақсылық Үшкемпіров саналы ғұмырында мағыналы тірлік кешкен, бозкілкем төріндегі шеберлігімен халықтың қошеметіне бөленген білекті де жүректі балуан, болмысы бөлек азамат еді. Жақсылық ағамыз сонау Мəскеуде өткен олимпия ойындарында қарсылас шыдатпай, қазақ күрес мектебінің мерейін асырғаны əлі ел есінде. Қазақ спортының қара нары ұзақ жыл бапкерлік жолында көптеген шəкірт тəрбиелеп, күрес спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын. Ұрпағымен мың жасасын", - деді Ақтоты Райымқұлова.

Ал қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабек даңқты спортшының адамгершілігі туралы сөз қозғады.

"Қарапайымдылығын атақ өзгертпеген, патшаға да, пақырға да бірдей қарым-қатынас жасайтын шынайы, шын мағынасындағы жақсы адам өмірден өтті. Спорттағы даңқын, бизнестегі табысын, ұрпақ тәрбиелеудегі өнегесін баршамыз білеміз. Орыны ойсырап қалды.

Бір ауылда туған, бір құдықтың суын ішкен жан көкем еді. Әкемнің құрдасы болғасын да, көрген жерде "ой, балам" деп, ерекше мейірім көрсетуші еді. "Асыл арна" ашылғанда бірінші боп кеп, қуанышын білдіріп, батасын берген қамқор тұлға еді. Сағынатын болдық. Алла алдынан жарылқасын! Жаны жаннатта болсын!", - деді Мұхамеджан Тазабек.

Аралас жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров та Жақсылық Үшкемпіровтің жақындарына көңіл айтып, ел ағасын қазығана теңеді.

"Қазақтың бағына біткен қайран ағам-ай, қазыналы ақсақалымыз Жақсылық аға иманыңыз жолдас болсын. Жақсылық ағамның әулетіне қайғырып көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқасын!", - деді Ардақ Назаров.

"Данамен дана, баламен бала бола білген асыл ағатайым-ай. Жаныңыз жәннәтта шалқысын. Бақұл болыңыз, батыр аға. Сағынатын боламыз", - деді әнші Сәкен Майғазиев.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Орны ойсырап қалды": Танымал тұлғалар Үшкемпіровтің қазасына аза тұтуда (фото)