RU

Атырауда тікұшақпен у шашылды деген ақпарат желіде тарауда

тікұшақ
Көрнекі фото: Қазақстанның Қорғаныс министрлігі

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров мессенджерлерде тараған видео туралы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Ол мессенджерлерде тараған "Атырауда тікұшақпен у шашылды, одан балалар ауырады" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтын жеткізді.

"Атырауда əдейі ауру таратылып жатыр. Провизорлық стационарларға балалар керуеті əкелініп жатыр" деген мазмұнда әйел адам таратып жатқан ақпарат шындыққа сəйкес келмейді. Мұндай жалған ақпарат таратушылар еліміздің қолданыстағы заңнамасына сəйкес қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертеміз", - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Еске сала кетсек, шілде айының басында әлеуметтік желіде авиацияның көмегімен елді мекендердің үстінен биохимиялық дәрі шашылып жатқаны туралы хабарлама тарай бастады.

Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтып, ел тұрғындарын жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Сонымен қатар, желіде қазақстандықтар бір-біріне "дезинфекциялық тікұшақтар" туралы ақпараттық хабарламаны белсенді түрде жібере бастады. Ол жерде тікұшақтардың дезинфекциялық заттарды сепкені айтылған.

Алайда Қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін, тікұшақтар ормандар мен даладағы өртті сөндіру үшін ғана қолданылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов "тікұшақ көмегімен қалаға ауа арқылы вирус шашып жатыр" деген хабарламаға пікір білдіріп, халықты дүрліктірген ақпаратты толығымен жоққа шығарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1869028-atyrauda-tiksakpen-u-sasyldy-degen-akparat-zelide-tarauda.html