RU

"Басымды қатырмаңдар": Ерғали Сыдымановтың сөйлеу мәнері жұртқа жақпай қалды (видео)

Ерғали Сыдыманов1
Ерғали Сыдыманов. Фото: ognialatau.kz

Әлеуметтік желіде Алматы облысының жаңадан тағайындалған бас санитар дәрігерінің тұрғындармен сөйлескен сәтінен видео тарады. Желідегілерге шенеуніктің сөйлеу мәнері жақпай қалған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ерғали Сыдыманов өзінің алғашқы жұмыс күнінде-ақ Талдықорған тұрғындарының наразылығын тудырған.

Куәгерлердің айтуынша, жиналғандармен сөйлескен санитар дәрігер әңгіме барысында өзін дөрекі ұстаған.

Ал сол жерде түсірілген видеоның кейбір бөліктері Instagram желісіндегі "Талдыкорганец" парақшасында жарияланған.

"Балаларлы тамақтандыру керек екенін түсінемін, несие бар, анадай-мынадай. Мен не бірінші жылы тұрмыстамын ба? Болды, басымды қатырмаңдар. Сен неге түсіріп тұрсың, осындайлардан кейін бәрі басталады", - дейді Сыдыманов жиналғандарға.

Видео авторы осындай деңгейдегі "сыпайы" адамдар қайдан шығады деген сауал қойып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен Сыдымановтың осы әрекеті талқыға салына ма деп сұраған.

NUR.KZ редакциясы осы видеоға қатысты ресми пікір алу үшін Алматы облысы ТКҚСҚБК баспасөз қызметіне жүгінді.

Ол жердегілер мұндай жайт расымен болғанын, шын мәнінде жағдайдың қалай өрбігенін баяндады.

Қолдағы бар ақпаратқа сүйенсек, Сыдымановқа "Хабиби" СО жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен өкілдер жүгінген. Олар азық-түліктік емес сауда орындарының жұмыс істеуіне рұқсат беруді талап еткен.

Әрі қарай Сыдыманов азаматтардың шағымын тыңдап, онлайн жұмыстың сызбасы мен карантиндік шектеулерді түсіндірген.

Сондай-ақ ол 17 тамыздан бастап карантиннің жеңілдетілетінін, бұл өз кезегінде өтініш беріп, мониторингтік топтың бақылауынан өтуге мүмкіндік беретінін айтқан.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіде жарияланған роликте бас санитар дәрігердің тек жағымсыз тұстары көрсетіліп, әңгімелесудің позитивті тұстары алынып тасталған.

Сонымен қатар жоғарыда аталған кадрлар түсірілген сәтте жиналғандардың ешбірі талқылау барысында наразылық танытпағаны атап өтілді.

Айта кетейік, Ерғали Сыдыманов бұл қызметке кеше, 11 тамызда ғана тағайындалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Кейін марқұмның пневмониядан көз жұмғаны белгілі болды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1869274-basymdy-katyrmadar-almaty-oblysyny-bas-sanitaryny-reketi-zrtka-zakpaj-kaldy-video.html