RU

117 жолаушысы бар ұшақ Атырау көгінде біршама уақыт қалықтады (видео)

Ұшақ1
Көрнекі фото: piqsels.com

Атыраудан Алматыға бағыт алған FlyArystan жолаушылар ұшағы аспанда біраз уақыт қалықтап, әуеге көтерілген нүктесіне қайта қону үшін жанармай жағылған. Бұл жағдайға әуекомпанияның баспасөз қызметінде түсініктеме берілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

FlyArystan баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7201 рейсі кезінде ауа желдеткіш бөлімінің істен шығуы туралы дабыл қағылған.

"Сондықтан тәжірибелі экипаж ұшу әуежайына, яғни Атырауға оралуға шешім қабылдады. Ережеге сәйкес отын қону салмағына жету үшін жағылған. Бұл әрекет, тиісінше, біраз уақытты қажет еткен, сондықтан ұшақ жерге бірден қонбады. Қону сәтті орындалған соң инженерлік қызмет техникалық тексеріс жүргізді.

Жерде ұшақ шамамен бір сағат 40 минут тұрды. Уақыттың көп бөлігі жолаушыларды түсіру мен жүктерін шығаруға, содан кейін тіркеу және тексеру процедураларынан өту үшін жұмсалды.

Техникалық байқау шамамен жарты сағатқа созылды. Осыдан кейін мамандар ұшақ Алматыға ұшуға дайын деген қорытындыға келді. Ақаулар мен бұзушылықтар табылған жоқ.

Бұл стандартты жағдай. Ұшу қауіпсіздігі – бұл біздің басымдық. Тәжірибелі экипаж барлық әуе кемелері жүйелерінің жарамды екендігіне көз жеткізу үшін қонуға шешім қабылдады", – деді баспасөз қызметі.

Тексерістен өткен ұшақ сағат 00.40-та 117 жолаушымен Алматыға ұшып, діттеген жеріне аман-есен жетті.

Еске салсақ, Алматыдан Семейге ұшатын рейс өз уақытынан 40 минутқа кешікті. Белгілі болғандай, бортта басқа рейстің жолаушысы болған.

Одан бөлек, елордадан Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы аспанда құспен соқтығысып қалған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1873174-117-zolausysy-bar-sak-atyrau-kginde-birsama-uakyt-kalyktady-video.html