RU

"Көпбалалы отбасында дүниеге келдім": Аймағамбетов балалық шағы туралы әңгімеледі

Аймағамбетов 789
Фото: Білім және ғылым министрлігі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Отбасы күніне арнап пост жазды. Ол балалық шағын еске алып, әкесінен ерте айырылғаннан кейін барлық ауыртпалықтың анасына түскенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Ведомство басшысы бүгін Отбасы күні екенін, бұл мереке елімізде бірнеше жылдан бері қыркүйектің әр екінші жексенбісінде атап өтілетінін еске салды.

"Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім: менен бөлек отбасымызда тағы бес бала бар. Әкем 6 жасымда қайтыс болды, кейін анамызға барлық ауыртпашылықты еңсеруге тура келді. Сол кезде анам 40 жасқа да толмаған еді, бірақ маған жасы келген кісі сияқты көрінетін. Оны өзің сол жаста болғанда ғана жақсы түсінеді екенсің.
Одан кейін қиын кезең, 90-жылдар басталды. Анамызға өте қиын болғанын білемін. Ауылда тұрдық, анамыз жұмыстан бөлек бізбен, шаруашылықпен айналысты", – деп жазды Аймағамбетов.

Министр жастайынан су тасып, шаруашылыққа араласып, малға шөп дайындап, пеш жаққанын еске алды. Айтуынша, бұл қиын кезеңнің оған үйреткені мол, әсіресе жақындарының, отбасының қаншалықты қымбат екенін ұғындырды.

Аймағамбетов қазіргі таңда екі баланың әкесі екенін жеткізді. Жұмыстан кейін балалары мен жары үйде қарсы алғанда барлық қиындықты ұмытатынын, әңгімелесіп, балалармен бірге ойнағаннан шаршағаны басылып, рақаттанып қалатынын жасырмады.

"Жігерлендіріп, күш-қайрат беретін де – отбасым. Жақындарымызды бағалайық. "Отан отбасынан басталады" дейді дана халқымыз. Әр отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлдене береді.
Мереке құтты болсын, достар! Барлығыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін!", – деп түйіндеді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов брифинг барысында қашықтан оқыту туралы сөз қозғап, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтқан болатын.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы брифинг барысында оқушыларды қашықтықтан оқыта беруді жалғастыруды ұсынған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874009-kpbalaly-otbasynda-dniege-keldim-ajmagambetov-balalyk-sagy-turaly-gimeledi.html