RU

Павлодарда маньяктардың түрмеден қашқаны туралы ақпарат тарап кетті

64842
Көрнекі фото: pixabay.com

WhatsApp мессенджері арқылы қатаң режимдегі колониядан жаза өтеушілердің қашып кеткені туралы хабарлама тараған. Онда аса қауіпті үш қылмыскердің түзету мекемесінен қашып, қазіргі уақытта Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде жасырынып жүргені айтылған. Өңірдің қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аталған хабарлама Павлодар тұрғындарының арасында кең тарап кеткен. Онда үш жаза өтеушінің Павлодар түрмесінен қашып кеткені айтылады. Сондай-ақ олардың көптеген кісі өлімі мен зорлық-зомбылық әрекеттерге барғаны жазылған.

Хабарламада қашқындардың Успен ауданында жасырынып жатқаны ескертіледі. Адамдарға кешкі 8-ден кейін көшеге шықпауға кеңес берілген. Сондай-ақ қылмыскерлердің қаруланғаны туралы хабарланған.

Өңірдің қылмыстық-атқару жүйесі департаменті аталған ақпаратқа пікір білдірді. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, хабарламада көрсетілген АП-162/4 колониясынан, сондай-ақ аймақтағы басқа да түзету мекемелерінен ешкім қашпаған.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жалған ақпарат таратқан үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Айта кетейік, 11 қыркүйекте ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескен болатын.

Арнайы операция кезінде Нұр-Сұлтан, Қостанай, Алматы және Ақтөбе қалаларында аталған топтардың 15 жетекшісі мен мүшелері ұсталған.

Олардың бірі Ресей Федерациясында бандитизм мен адам өлтіргені үшін халықаралық іздестіруде болған.

Еске сала кетсек, кеше ішкі істер министрлігі қыздарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды шетелге алдап апарып, сексуалдық мақсатта пайдаланған қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегені хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874158-pavlodarda-manaktar-men-kisi-ltirusilerdi-trmeden-kaskany-turaly-habarlama-taragan.html