RU

Ақтөбеде ауыл тұрғындары көпбалалы екі отбасыға тегін үй беріп, қорасын қойға толтырды

Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеліктердің көпбалалы отбасыларды ауылда тұруға шақырған хабарламасы тек қазақстандықтарды ғана емес, көрші мемлекет тұрғындарын да елең еткізді. Осылайша, ауыл жастарының желіге жүктеген ерекше жарнамасы жойылып кетейін деп тұрған ауылды сақтап қалды. Бар болғаны 200 ғана тұрғыны бар шағын ауыл ел назарын өзіне қалай аударды?  Берекесін малмен кіргізіп отырған Ақтөбе облысы Темір ауданы Сартоғай ауылының тұрмысымен KAZ.NUR.KZ тілшісі арнайы барып танысты.

Мұнайлы ауданның іргесінде орналасқан Сартоғай ауылында 40 түтін бар. Ауылдағы жалғыз мекеме - тоғыз жылдық мектеп. Онда 27 адам еңбек етіп жүр. Өзен-көлі ауыл іргесіндегі сартоғайлықтар қорасындағы малымен бай.

Ауылдағы жалғыз негізгі мектепті бала санына байланысты  бастауыш мектепке айналдыру қаупі туындаған кезде ауыл тұрғындары көпбалалы отбасын көшіріп әкелуді ойластырған.​ Алдымен жастар әлеуметтік желі арқылы ауылға көшіп келемін деген жас отбасыға тегін баспана, қораға ұсақ мал кіргізіп береміз деп хабарландыру жасайды.

Екі сағаттың ішінде "келемін" дегендердің саны артып, үш күнде 600-ден аса адам қоңырау шалған. Арасында көрші мемлекеттерден де келуді қалаған жас отбасылар бар. Мұндайды күтпеген ауылдықтар әбден сасқандарын айтады.

Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ
"Тек республика аумағынан емес, көрші Қарақалпақстан елінен де қоңырау шалғандар болды. Біз мұндай сұраныс болады деп ойлаған жоқпыз. Үш күннің ішінде 600-дің үстінде отбасы хабарласты. Беймезгіл уақытта хабарласып, сөйлесе алмаған адамдар да болды. Алғашқы отбасымыз хабарландыруды желіге салғаннан-ақ машинасымен ауылға өзі келді. 25 жастағы жігіттің бес баласы бар екен. Жас отбасын бірден ұнаттық. Ауылдағы үйлерді көрсетіп, таңдағанына кіргіздік",-дейді мектеп мұғалімі Есбол Мәуениязов.

Ауыл жастарына ұйытқы болып жүрген жас ұстаз әлеуметтік желіге хабарландыруды да өзі берген.

"Ауылды ұстап қалатын - мектеп. Мектеп болмаған жерде ауыл болмайды. Сол үшін мектепті сақтап қалуды ойластырдық. Көктемде наурыз тойлаймыз деп ақша жинаған едік. Ауылдың тоқсаныншы жылдан кейін көшкен жастары бірігіп, ат шаптырып той жасауды жоспарлаған болатынбыз. Наурызға төрт күн қалғанда елде карантин жарияланды. Тойға дайындық тоқтатылып, ақшаны сақтап қойдық. Мектебіміз бастауышқа айналатындығы туралы естігенде ауыл тұрғындарымен ойласып,  көпбалалы отбасын көшіріп әкелу керек деп шештік",- дейді мектеп мұғалімі.
Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ

Сартоғайлықтар ауылда бос тұрған үйлердің бәріне көпбалалы отбасыларын кіргізуді жоспарлаған. Алайда көшіп кеткендер сұраныстың көбейгенін естігенде ойларынан айнып, ауылға қайта көшіп келетіндерін айтқан.

Сондықтан қазіргі уақытта ауылда бос тұрған екі үйге ғана отбасын кіргізген. Тұрғындар  екі отбасының қорасына 14-16 бас ұсақ мал кіргізіп, шөбін түсіріп беріпті. Ауылға келген жаңа тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ
"Бес балам бар. Оның төртеуі мектепке барады. Ауыл ұнады, жақсы қарсы алды.​ Бұрын қалада пәтер жалдап тұратынбыз. Айына 70 мың теңге пәтерге ақысына бердік. Қазір ауламызда малымыз, басымызда баспанамыз бар",- дейді ауыл халқына алғыс айтқан Аңсаған Таңбайқызы.

Ауылға келген жас отбасылар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, болашақта мал бағуды да жоспарлап отыр.

Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ

Ауылдағы ағайынның ауызбіршілігінен мектеп сақталды. Мектеп директорының айтуынша, 2018-19 оқу жылында 28 ғана бала болған.

"Биылғы жаңа оқу жылын 43 оқушымен бастап отырмыз. Бұл ел азаматтарының ерлігі. Оқушы болмаса мұғалімдер де кетеді. Ауыл 3-4 үйлік фермаға айналып кетуі де мүмкін еді. Рамазан айында ауылда өткен ауызашарлардың​ бірінде халық наурызға жиналған ақшаға көпбалалы отбасы шақырамыз деп бір ауыздан келісімге келді. Ертеңіне-ақ хабарландыру жасады",- дейді Сартоғай негізгі мектебінің директоры Индира Тоқмурзина.
Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ

Ауылдан көшіп кеткен жастар да балаларын ата-әжесінің қолына әкеліп, ауыл мектебіндегі бала санын толтырған.

"Қазіргі таңда ауданымызда 25 елдімекен бар. Сартоғай ауылындағы негізгі мектептегі оқушылар саны нормативке сай болған жоқ. Ауыл тұрғындары мектеп сақталса ауылдың сақталатынын түсінді. Көпбалалы отбасыларын көшіріп әкелуге ұсыныс берді. Қолдадық. Еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келемін деушілер көп болды. Бүгінгі күні екі көпбалалы отбасы көшіп келді. Ауыл азаматтары қораларына мал берді. Ауыл елдің бесігі. Ауыл сақталса, тұрғындар саны көбейсе, елдің берекесі кіреді. Бізге әлі де көшіп келемін деушілер бар. Бұл оң бастама",- дейді Темір ауланының әкімі Жолдас Батырхан.
Ақтөбе көмек
Фото: NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875722-aktbede-auyl-trgyndary-kpbalaly-eki-otbasyga-tegin-j-berip-korasyn-kojga-toltyrdy.html