RU

Әйгілі модель Джиджи Хадид алғаш рет ана атанды

Джиджи Хадид
Фото: Instagram/gigihadid

Әлем бойынша үлкен сұранысқа ие танымал сәнбикелердің бірі Джиджи Хадид пен оның сүйіктісі әнші Зейн Малик алғаш рет ата-ана атанды. Жұлдызды жұп қызды болған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Аталмыш жаңалықпен қуанышы қойнына сыймаған ана бөліскен. Джиджи Хадид өзінің Instagram парақшасында дүниеге енді ғана келген нәрестесі мен әкесінің суретін жариялап, қалың көпшілікке қызды болғанын ресми түрде хабарлады. Фотода Зейн Малик перзентінің қолынан ұстап тұрғанын байқауға болады.

"Біздің қызымыз өткен демалыста ғана ортамызға қосылса да, біздің өмірімізді өзгертіп үлгерді. Жақсы көремін" , - деп жазды Джиджи.

Желі қолданушылары көптен күткен сәбидің дүние есігін ашқанына аса қатты қуанып, жұлдызды ата-анаға өз құттықтауларын қарша жаудырды. Жас ананың қуанышқа толы жазбасының астына әлемдік танымал жұлдыздар да өз ақ тілектерін қалдыруда.

Жас әке де ғашығынан қалыспай, желіде жантебірентерлік жазбамен бөліскен.

"Біздің сәбиіміз осында. Дені сау және сұлу. Дәл қазір қандай сезімде екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл кішкентай адамға деген махаббатым шексіз. Мен оны білгеніммен, өзімнің қызым деп атай алатындығыммен мақтанамын. Және де алдағы күтіп тұрған ортақ өмір үшін алғыс айтамын" , - деп жазды Зейн Малик.

Айта кетейік, бұл жұлдызды жұптың махаббат хикаясы 2015 жылы бастау алған. 2018 жылы олар бірде айырылысып, бірде қайта қосылып жүрді. Алайда, 2020 жылы Джиджи мен Зейн түбегейлі бірге болуды шешіп, балалы болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1875973-jgili-model-dzidzi-hadid-algas-ret-ana-atandy.html