RU

"Інісі бәрін көзімен көрді": Қызылордада 11 жастағы баланы әкесінің досы зорлаған

Фото
Көрнекі фото: piqsels.com

Қызылорда облысы Сырдария ауданында 11 жастағы балаға әкесінің досы жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы "Не молчи" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның сөзінше, бір күн ішінде сенім телефонына кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы үш жағдай бойынша хабарлама келіп түскен.

"Қызылорда облысы Сырдария ауданында 11 жастағы балаға әкесінің досы жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткенін көршілері байқаған. Менің ойымша, бұл жағдай бірнеше рет орын алған. Бұл жайлы көршілерге зардап шеккен баланың інісі айтып беріпті. Жанары жасқа толған кішкентай бала көршілеріне жүгіріп келіп, әкесінің досы ағасын ренжіткенін жеткізген. Ол көзімен көргенін, ер адамның не істегенін ыммен көрсетіпті. Күдікті бірнеше жылдан бері сол үйге қонуға келіп, әкесімен бірге ішімдік ішеді екен", - деді қоғам белсендісі.  

Дина Тәңсәрі жағдайды естіген көршілері дереу үйге барып, зардап шеккен баланы тапқанын жеткізді. Ол бәрін растап, бұл жағдайды әкесі де білетінін айтқан.

Тіпті, азғындыққа әкесі де жол беріп, баласына бірнеше рет жыныстық мүшесіне массаж жасатқан көрінеді.

  • "Ең өкініштісі, балалардың анасы жоқ, оларды әкесі жалғыз тәрбиелейді екен. Көршілері балалардың аш жүретінін, жуынбайтынын, кейде көшеде түнейтінін, әкелері көңіл бөлмейтінін, әкесі балаларын ұратынын айтып, талай рет арызданған екен. Сонымен қатар, әкелері еш жерде жұмыс істемейді. Асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін жәрдемақыға күн көріп келеді екен", - дейді ол.

"Не молчи" қоры негізін қалаушының сөзінше, көршілері қаншама рет дабыл қағып, осы мәселені көтергенімен, балалар әлі күнге дейін әкесімен бірге тұрып жатыр екен.

Бұл жағдайға қатысты өңірдің полиция департаменті azattyq-ruhy.kz басылымына түсініктеме беріп, күдіктіге қатысты шара қолданып жатқанын мәлімдеді.

"2020 жылдың 23 қыркүйегінде Қызылорда облысы Сырдария ауданында жас балаларды азғындық жолға түсіру фактісін жасады деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдікті ұсталып, Сырдария аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Балалар облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысында екі мұғалім оқушыларды бірнеше рет зорлады деген күдікке ілінген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876298-inisi-brin-kzimen-krdi-kyzylordada-11-zastagy-balany-kesini-dosy-zorlagan.html