RU

ЕҰУ Коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесіне көшті

ЕҰУ
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

Бүгін, 2020 жылдың 29 қыркүйегінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың халықпен, оның ішінде ата-аналар, оқушылар, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметі мәселелері бойынша 2019-2020 оқу жылындағы есеп беру кездесуі болып өтті.

Ректор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов алғаш рет пандемия жағдайында өтіп отырған есеп беру-кездесуін карантин және шектеу шаралары аясында ЕҰУ-дағы өзгерістер туралы мәлімет беруден бастады. Жаңа бастамаларға тоқталып, университеттің даму перспективалары жайлы кеңінен айтып берді.

"Өткен оқу жылының ерекшелігі – объективті жағдайға байланысты қашықтан білім беруге көшу болды, -деп бастады өз баяндамасын Ерлан Сыдықов. – Бұл тек білім беру үдерісін ғана емес, қызметтің барлық бағыттарын іске асыруға айтарлықтай өзгеріс әкелді. Әлемнің барлық жоғары оқу орындары осындай жағдайды бастан кешіп жатыр. ЕҰУ бұл сынақты ойдағыдай жеңді және жеңіп келеді деп сеніммен айта аламын.

Университеттің пандемия жағдайында оқу үдерісін бір күн де тоқтатпауы – басқа бағыттағы қызметтердің өз деңгейінде жүруі деген сөз. Мәселен, дистант форматында оқытуды және жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін арнайы жабдықтар сатып алынды, «ЕҰУ-ды цифрлық университетке трансформациялау» Жол картасы және 2020-2022 жылдарға арналған цифрлық экожүйені дамыту картасы бекітілді".

Содан кейін биылғы аса маңызды өзгеріс – ЕҰУ-дың Коммерциялық емес акционерлік қоғам (КеАҚ) мәртебесіне көшуі. Қазір жаңа Жарғы бекітіліп, Директорлар кеңесі құрылуда. ЕҰУ КеАҚ ретінде жаңа мүмкіндіктері ашылады. Мысалы, инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде отандық және шетелдік ұйымдардан қаржылық ресурстар тарту перспективалары жанданады. Сондай-ақ КеАҚ эндаументтер мен венчурлік қорлар құруға мүмкіндік береді. Шетелде филиал ашу құқығы да бар.

Тағы бір жарқын белес – 2020 жыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және Абайдың 175 жылдық мерейтой жылы. Бұл жылдың университет үшін биік асқары – Абай академиясының құрылуы. Бұл Президент Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асты.

Академияның ғылыми жобаларына 100-ден астам танымал ғалымдар мен жас зерттеушілер тартылып, 9 ай ішінде 11 ғылыми жоба бойынша 16 монография әзірленген және оның бәрі жоғары оқу орнының өз қаржысы есебінен университет баспасынан жарық көрді.

Ректор баяндамасында таяуда ЕҰУ мен Румыниядағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен Бухаресте Абай Құнанбайұлының бюсті ашылғанын, бұл – елеулі халықаралық мәдени оқиға екендігі және ескерткіш авторы Еуразия ұлттық университетінің доценті, Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков екенін де айтып өтті.

"Абай академиясы әрі қарай да дами бермек, оның қызметі пандемия жағдайында да тоқтаған жоқ. Мерейтой жылынан кейін де ғылыми жұмыстар жалғаса береді. Жоспарда кітаптар мен дайджестер шығару, магистерлік және докторлық диссертациялар қорғау, жаңа курстар әзірлеу мәселесі тұр", - деді Ерлан Сыдықов.

ЕҰУ
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

Өткен жылғы жетістіктер баяндаманың негізгі тұздығы десе де болады. Рейтинг нәтижелеріне сүйенсек, QS-те жаңа белеске көтерілдік – 357 орындамыз (61 орынға жоғары көтерілдік). Әлемнің жас университеттері рейтингінде 43 орында тұрмыз.

Сондай-ақ Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің жыл қорытындысында көш бастап, 1 орындамыз. Институционалдық рейтингте 2 орынды иелендік.

Білім бағдарламалары рейтингінде барлық үш деңгей бойынша ЕҰУ үздік нәтиже көрсетті.

"Осы нәтиженің бәрі сіздер үшін, құрметті студенттер! Еліміздің барлық аймағының талапты жастары бізді таңдайды. Ол үшін қуаныштымыз. Тіпті пандемия жағдайында ЕҰУ-ға грантпен 5 мыңнан астам адам оқуға түсті. Бұл - керемет нәтиже. Барша 1-курс білім алушыларын құттықтаймын!", – деді ректор Е.Сыдықов.

Университеттің білім беру қызметіне тоқталған ректор 13 факультетте 20 мыңға тарта бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушылары білім бағдарламаларын игеріп жатқанын, 2019-2020 оқу жылы 222 білім бағдарламасы бойынша қабылдау жүргізілсе, соның 20-сы инновациялық бағдарлама екеніне тоқталды.

Бағдарламалардың 79,3%-ы аккредиттелген және халықаралық сертификаттары бар. Мысалы, 2019 жылы қыркүйекте экономика, заң факультеттерінің 17 бағдарламасы FIBAA беделді шетелдік агенттігінің аккредитациясынан өтті (Германия).

Осы оқу жылы 10 серіктес жоғары оқу орнымен 20 біріккен бағдарлама бойынша кадрлар даярлау жүзеге асырылған. Университет серіктестері ТОП-700 QS WUR рейтингіне кіретін беделді әлемдік жоғары оқу орындары екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ 10 жаңа қосдипломдық бағдарлама ашылып, онда 85 қазақстандық және 7 шетелдік студент білім алса, ЕҰУ-де ағылшын тіліндегі бағдарламалар саны тұрақты артып келеді. Мысалы, биылғы оқу жылы олардың саны 35 болып отыр.

2020 жылы ЕҰУ-ға еліміздің басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда ең көп мемлекеттік грант иегерлерінің түсуі - қуантарлық жайт. 506 адам – бұл «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары.

ЕҰУ
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

250 адам облыстар және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің гранты бойынша білім алады.

Ғылыми тағылымдама, іс-тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу университет беделіне байланысты. Бұл ретте Топ-500 QS рейтингіне кіретін әлемнің жетекші жоғары оқу орындары базасында тағылымдамадан 426 магистрант пен докторанттың өтуі қуанарлық көрсеткіш.

Білім бағдарламаларының аса маңызды бөлігі - іс-тәжірибе. Тәжірибе базаларымен екі жақты келісімнің жалпы саны - 1506 бірлікті құрайды, оның ішінде кәсіпорындармен және ұйымдармен – 1374, астананың білім беру мекемелерімен – 132 келісімшарт жасалған.

Университет үшін кадрлар даярлау сапасының ең маңызды көрсеткіші -түлектердің еңбек нарығындағы сұранысқа ие болуы. Көрсеткіш айтарлықтай жоғары: бакалавриатта77%, магистратурамен докторантурада– 93% түлек жұмысқа орналасқан.

Таяудағы нөмірі бірінші міндеттің бірі –цифрлық университетке көшу. Бұл бағыттағы негізгі жұмысты Ақпараттандыру департаменті мен Цифрлық даму және қашықтан оқыту департаменті жүргізеді.

"Біз ЕҰУ-дың 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын аяқтап қалдық. Жақын арада зерттеу университеті мәртебесін алуға тиіспіз", - деді ректор Ерлан Сыдықов есеп беру кездесуінде.

Қазір ЕҰУ елеулі белесі – университеттің 25-жылдығына дайындалуда және 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Стратегияны әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876901-eu-kommercialyk-emes-akcionerlik-kogam-mrtebesine-ksti.html