RU

Қазақстанда карантин қайта қатаңдатылуы мүмкін

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтардың карантиндік-санитарлық талаптарды сақтамауы қатаң карантиннің қайта енгізілуіне әкеп соғуы мүмкін екенін мәлім етті деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Алексей Цой үкімет отырысында елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталса да, халық босаңсып кеткенін жеткізді.

Оның сөзінше, бетперде кию, ара қашықтықты сақтау талаптары үнемі орындала бермейді екен. Бұл коронавирустың таралуына және карантин режимінің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін дейді министр.

"Бұндай жағдай қазір көптеген әлем елдерінде қайталанып жатыр", – деді Алексей Цой.

Ол карантин жеңілдетілгеннен кейін өңірлерде режим талабын бұзу фактілері 30,4 пайыздан 40,7 пайызға дейін өскенін жасырған жоқ. Министр он өңірде карантин режимін бұзу деректері жиіледі деп отыр.

Сонымен қатар, Алексей Цой адамдар маска кию талабын да орындамайтынын алға тартты. Оның дерегінше, 5-27 қыркүйек аралығында бетперде тақпағаны үшін 1 131 азаматқа айыппұл салынған.

Осыған байланысты, министр әкімдерден карантин және маска режимінің сақталуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, денсаулық сақтау министрі үкімет отырысында жаңа оқу жылы басталғалы бері 104 баладан коронавирус инфекциясы анықталғанын мәлімдеді.

Соның ішінде 33 бала мектепте кезекші сыныптарда оқып жүрген оқушылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876996-kazakstanda-karantin-kajta-katadatyluy-mmkin.html