RU

Алматыда 24 жастағы жігіт ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдіктелуде (фото)

1651651
Күдіктінің фотосы: Polisia.kz

Оңтүстік астанада азаматтарды ірі көлемдегі соммаға алдап кеткен күдікті ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

24 жастағы ер адам кепілге қойылған жылжымалы және жылжымайтын мүлікке арналған банк саудасына қатысуды сылтауратып, туыстары мен достарынан ірі көлемде ақша алып, алдап кеткен.

Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәровтің айтуынша, күдіктінің банктермен байланысы болмаған, бірақ кепілдікке қойылған мүлік аукционының жүйесін білген. Ол өзінің құрбандарын үйді немесе көлікті тиімді түрде нарықтық бағадан едәуір төмен бағамен сатып алуға болатынына сендірген. Кейбір әлеуетті клиенттер бірден бірнеше мүлік нысандарын алуға үміттенген. Мысалы, жәбірленушілердің бірі оған 182 миллион теңгесін берсе, екіншісі 386 мың АҚШ долларын сеніп тапсырған.

Азаматтарға келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен бір миллион долларды құрайды.

"Әрине, ол ешқандай міндеттемені орындауды көздеген жоқ. Ол ақшаны оңай жұмсады: өзіне екі пәтер, жаңа көлік сатып алып, шетелге шығып үлгерген. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі (Ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша күдіктелуде", – дейді Іңкәров.

Құқық қорғаушылар күдіктінің қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар болса, полицияға хабар беруді сұрайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін танымал тележүршізуші алаяқтарға алданып, қыруар қаражатынан айырылып қалғанын айтқан болатын.

Сондай-ақ жақында қарағандылық азаматтың жалға алған автокөлігін Нұр-Сұлтан тұрғынына сатып жібергенін жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877297-almatyda-24-zastagy-zigit-iri-klemde-alaaktyk-zasady-dep-kdiktelude-foto.html