RU

Алматыда қызды қаққан мас жүргізуші оқиға орнынан ізін суытты

Жол апаты
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматыда мас жүргізуші бойжеткенді қағып кетті. Ол қансыраған бойжеткенге дереу көмек көрсетудің орнына, бірден ізін суытқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

14 қыркүйек күні болған жол апаты бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда ақ көлік Данара есімді бойжеткенді қаққаннан кейін ондағы жүргізушінің көліктен шыққаны байқалады. Ол бойжеткенге көмектесудің орнына, оны итере салып, көлігімен әрі қарай қаша жөнелген.

Абырой болғанда, өзгелер бойжеткенді байқап қалып, дереу жедел жәрдем шақырыпты. Данара ауыр дене жарақаттарын алған - басы жарылып, аяғы сынған. Ол өзін қаққан сәтте есінен танып қалғанын айтуда. Бойжеткен жүргізуші жазасыз қалмауы үшін бұл істен бәрі хабардар болғанын қалаған.

"Оның заң аясында қатаң жаза алғанын қалаймын. Оны емдеу керек болса, емдесін. Себебі, ол - қоғамға қауіпті адам", - дейді бойжеткен.

Жүргізуші жол апаты болған күні жалдамалы пәтерде жасырыныпты. Ол дереу табылып, қамауға алынды. Алайда, тәртіп сақшылары медициналық тексерістен кейін ер адамды жібере салған екен. Ол бірден өз кінәсін мойындапты.

Данараның жақындары полиция істі тергеуге асықпай отырғанын айтуда. Тіпті, бойжеткеннің арызын қабылдамай, қылмыстық іс те қозғамаған екен.

"Уақытты созып жатқандай сезімде қаласың. Не үшін екені түсініксіз", - дейді арна тілшілеріне Данараның ағасы.

Полиция департаменті болса, одан әрі сараптама жүргізу үшін Данараның емханадан шығуын күтіп отырғанын алға тартты. Егер сараптама бойжеткеннің денсаулығына ауыр немесе орташа ауыр нұқсан келгенін растаса, қылмыстық іс қозғалады екен.

Егер бойжеткеннің денсаулығына жеңіл нұқсан келген болса, тек әкімшілік жаза қарастырылатын болыпты. Жүргізушіге қарастырылып отырған ең ауыр жаза - екі жылға бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен айыру екені айтылуда.

Еске салсақ, бұған дейін біз Рудныйда екі әйелдің денесін бөлшектеп тастаған ер адам өмір бойына сотталғанын жазған едік.

Одан бөлек, Қазақстанда Кавасакиге ұқсас синдромнан екі бала қайтыс болғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877394-almatyda-bojzetkendi-kakkan-mas-zrgizusi-ony-kansyragan-kji-kaldyryp-izin-suytkan.html