RU

"Ғалым да, шахтер де бас иетін": Ауыл мен қала мұғалімінің тұрмыс-тіршілігі қандай (фото)

Айнұр Жәкенова
Фото: Жеке мұрағат

Әр баланың екінші анасына айналып, білім нәрімен сусындататын ұстаздар қауымы — далада да, қалада да ұстаз болып қала береді. Кәсіби мерекеге орай KAZ.NUR.KZ тілшісі қарапайым ауыл мен алып шаһардағы екі педагогтың өміріне көз жүгіртіп көрді. Салыстыруға келмесе де, бір терінің пұшпағын илеп жүрген маман иелерінің тыныс-тіршілігімен бірге танысайық.

Ауыл мектебінде сабақ беретін ұстаз Айнұр Жәкенова

Ауыл мұғалімі, желіде «тракторшының махаббаты» атымен танымал Айнұр Жәкенова таңғы бесте тұрып, 10 сиырын сауады. Содан кейін егіс даласына кететін жолдасының ішер асын дайындап жолға салады.

Айнұр Жәкенова
Айнұр Жәкенова. Фото: Жеке мұрағат
«Одан соң күнде жүгіремін, спортпен айналысуды әдетке айналдырдым. Қыс мезгілінде үйді жылыту үшін от жағып кетемін. Шынымды айтсам сегізге дейін үйдің шаруасынан шаршап қаламын», - дейді келіншек.

Айнұр орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Шағын жинақталған мектеп болғандықтан қазір оқушылары дәстүрлі оқыту жүйесіне көшкен.

Айнұр Жәкенова
Айнұр Жәкенова. Фото: Жеке мұрағат

Түске дейінгі уақыты мектепте өтетін Айнұр сабағы біткен соң киімін ауыстырып алып, тағы да үй тірлігімен айналысады. Сүтті жайғайды, шайқайтын майы мен үй тазалығы тағы бар.

«Ауыл мұғалімінің жұмысы көп, қаламен салыстыруға келмейді. Таңертең мектепке сиыр саумағандай барудың өзі өнер», - деп күледі ол.

Айнұр Жәкенова
Айнұр Жәкенова. Фото: Жеке мұрағат
  • Айнұр Базарбайқызы жоғары дәрежелі педагог-зерттеуші. Ол мектеп мұғалімі болуды балалық шақтан армандапты. Осы мамандықты таңдауға өз анасы мен мектептегі ұстазы түрткі болған.

Ауыл мұғалімі ұстаз мәртебесі туралы да сөз алды. Оның айтуынша қазір мұғалімдерді мектептен тыс жұмыстарға жұмсауды тоқтатқан. Көше аралау, жөндеу жұмыстарынан босатылған.

Қарапайым ауыл мұғалімі ретінде ол Білім және ғылым министрлігінің ұстаздарды қолдауын сезінетінін жеткізді.

Қаладағы ЖОО-да қызмет ететін Баян Асқарқызы

Қалалық ұстаздардың өмірі ауыл мұғалімдерінің жайымен салыстыруға келмейді. Десе де олар бір терінің пұшпағын илеп, бір мақсатта қызмет атқаратыны анық.

Баян Асқарқызы
Баян Асқарқызы. Фото: Жеке мұрағат

Алматы қаласында тұратын білікті педагог, жоғары оқу орнында оқытушылық ететін Баян Асқарқызы да таңмен таласа оянады екен.

«Қалада тұрған соң уақытты тиімді пайдаланған жөн, солүшін тайм менеджментті ұстанамын. Менің күнім таңғы бес жарымнан басталады. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық деген сөз бар ғой. Таңертең саябақта бес шақырымдай жүгіремін,ол күні бойы сергек жүруге көмектеседі, таңғы уақыт өзіме күтім жасауға арналады»,- дейді ол.
Баян Асқарқызы
Баян Асқарқызы. Фото: Жеке мұрағат

Баян Асқарқызы пандемия жағдайында студенттерін қашықтан оқыту үстінде.

Дәстүрлі оқыту мен қашықтан оқытуды салыстыра келе, білікті маман соңғысының артықшылықтарын байқап үлгерген. Қаладағы интернет жылдамдығының көш ілгерілігі маманның оң жамбасына келген.

Баян Асқарқызы
Баян Асқарқызы. Фото: Жеке мұрағат

Бұл саланы әбден зерттеген педагог қазір кәсіп ашып өз білімін басқалармен ғаламтор арқылы бөлісіп жүр.

Қолы қалт еткенде Баян Асқарқызы уақытын отбасына, балаларына арнайтынын айтады.

«Әйел адамға үйдегі жай-күй, тыныштық ұстаздық етуде аса маңызды. Сондықтан отбасымыздың амандығын тілейміз»,- дейді педагог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877613-galym-da-sahter-de-bas-ietin-auyl-men-kala-mgalimini-trmys-tirsiligi-kandaj-foto.html