RU

10 жылға сотталған: Абақтыда үш бизнесті дөңгелетіп отырған экс-офицер кім (фото)

әділет беркінбаев
Әділет Беркінбаев. Фото: Жеке мұрағат

Қазіргі таңда қол-аяғы сау, зіңгіттей жігіттердің жұмыс таппай сандалып жүргенін көреміз. Әсіресе бүгінгі пандемия жағдайында екі қолға бір күрек таба алмай, табыссыз қалған ерлер көбейді. Иә, сыртқы факторлар да адамның күнкөрісіне өз әсерін тигізбей қоймайды, бірақ «табыс табам», «әрекет етем» дегенге ештеңе де тосқауыл емес. Тіпті темір тор да. Оған бас бостандығынан айырылса да бала-шағасының қамы үшін табыс тауып отырған экс-офицер Әділет Беркінбаев дәлел деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

ШҚО-дағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ОБ 156/2 қауіпсіздігі аса жоғары түзету мекемесінің басшылығы сотталған азаматпен сұхбат жасауға мүмкіндік жасады.

"700 адамға бастық болып кеп, сотталғанның кебін кию ауыр тиді"

Істі болмай тұрып 700 адамдық әскери полкке қолбасшылық еткен командир қазір абақты ішінен бірнеше кәсіп ашып алған. Әділет Беркінбаев түрме ішіндегі өмірін көрсетуге еш арланбайды, себебі ол өзін «әділетсіздікпен күрескермін» деп санайды.

«2015 жылдың 16 қазанында 10 жыл мерзімге сотталғаным туралы үкім шықты. Мені Ақмола облысының Атбасар ауданына жіберді. Туған жерім Зайсан ауданы, сондықтан Өскемен қаласына ауыстыруды сұрадым», - деп бастады әңгімесін түзету мекемесінің тәрбиеленушісі.

10 жылды арқалаған бұрынғы офицер темір тордың ар жағынан қалай да отбасына сүйеу болуды өзіне мақсат тұтады.

Сотталған азамат абақтыда отырып өзінің кәсіпкерлікке қалай қадам басқанын айтып берді.

«Басты мақсатым әке-шешемнің қамы болды. Оның үстіне астанада ешкімім жоқ, бала-шағам мен сотталып кеткенде Таразда қалған болатын, қызметтік пәтерде тұрды, үш балам бар, келіншегім бар. Солардың қамын ойлау керек болды. Астанада жатып, ұзақ жерден отбасыма қарайласуға мүмкіншілік болмады. 2016 жылдың қаңтарында арыз жазып тұрғылықты жеріме жақын Өскемен қаласындағы қазіргі түзету мекемесіне ауыстым.

Осында келе сала мақсатым жұмыс жасау болды. Келіншегім жұмыс істемеді, үшінші балам бір жарым жаста ғана еді. Басымызда үй болмады, әке-шешемнің екі бөлмелі пәтеріне балалармен сыйысу мүмкін емес еді. Екіншіден, әскери гарнизонды басқарып тұрып, қарамағыңда 700 адамға бастық бола тұрып, сотталған адамның кебін кию ауыр тиді, шыны керек. Сондықтан басқа нәрсемен өзімді алдау керек болды», - дейді ол.

қолөнер
Фото: Жеке мұрағат

«15 жыл әскери қызметтен кейін шеберханада істеймін деп кім ойлаған?»

Бала кезінен ауылда өскен Әділет әке тәрбиесімен ұлттық қолөнер, домбыраға, әншілікке жақын өсіпті. Әлі күнге дейін домбыра шертеді.

«Өнерге, қазақтың рухани құндылықтарына үлесімді қоссам деген ой болды. Бұл жерге келгеннен кейін мүмкіншіліктердің бәрін қарап шықтым. «Уақытымды қалай өткізсем болады? 10 жылға сотталдым екен деп, басымды ұстап қайғырып отыра бергеннен ешқандай пайда көрмедім. Сол себепті тығырықтан шығудың жолын іздедім, таптым. «Мәңгілікке осы кәсіппен айналысамын» деп айта алмаймын, уақытша болса да пайдасын енді-енді көріп келемін. Бес жылдық еңбегім ғой»,- дейді ол.

Кәсіпкерлікке қадам неден басталды?

Сотталушы 2016 жылдың 1 наурызынан бастап ОБ156/2 түзету мекемесінің өндіріс аумағында жұмыс істеп келе жатыр.

«Таңертең тексеріп өткізеді. Кешке дейін осы жерде қызмет істеймін. Еңбекті ағаш өңдеу шеберханасында бастадым, екі-үш ай көлемінде біраз нәрсе үйрендім , ең бірінші қызығушылығым домбыра болды. Ол кезде қолымнан ештеңе келмейтін. Оқу бітіріп кеткенім бар, 15 жыл әскери қызмет істеп кеп, шеберханада жұмыс істеймін деп кім ойлаған?! Ең бірінші көңіліме жаққаны - «домбыраны жасауды үйренсем екен» деген ой. Көп ізденісте болдым. Ірі-ірі шеберлердің кітаптарын қарадым. Жөндеуге әкелген жақсы домбыраны бұзып қайта құрап үйрендім. Өзімді дамыттым. Түзету мекемесі болғаннан кейін қанша істейсің, сонша табасың. Миға сыймайтын жалақылар. Сол себепті 2016 жылы жеке кәсіп ашып, өзіме өзім жұмыс жасасам, бір теңгемді екі теңге қып құрасам, бала-шағама көмек болса деген ой келді», - дейді кәсіпкер.

Мекеменің әкімшілігіне ұсыныс жасаған Әділет көп ұзамай жоғарыдан қолдау тапқан. Түзету мекемесінің әкімшілігі оған ғимарат беріп, жұмыс орынын анықтап берді.

«Қалған мүмкіншіліктердің бәрін өзім туыстарым мен достарымның көмегімен ұйымдастырдым. Шығындандым. Әр кәсіп жоғарыдан түсе салмайды. Станоктар алдым, материал алдым», - дейді сотталған азамат.
қолөнер
Фото: Жеке мұрағат

Төрт жыл көлемінде домбыра жасаудан бастаған кәсіпкер қазіргі таңда астау, жиһаз жасап шығарады. Жасалған бұйымдарды мекеменің әкімшілігімен келісім-шарт бойынша бостандықтан ішке кіріп-шығатын арнайы сенімді басқарушы арқылы сатып, пайдасын көреді.

Ағаш өңдеу цехынан бөлек кәсіпкер абақты ішінен көлік жөндеу цехын, кішігірім тігін цехын ашып, 32 сотталушыны жұмыспен қамтып, жалақысын беріп отыр.

«Қарамағымда 32 адам бар, барлығы сотталған азаматтар. Жалақылары тапсырысқа байланысты. Орта есеппен 40-50 мың теңгеге дейін айлық алады. Жабық мекемеде отырып мұндай айлық алу жетістік. Жеке басыма келер болсам, ай сайын бала-шағама көмектесіп тұрамын, тек ол емес қылмыстық ісім бойынша заң жүзінде жазамды берілген мерзімнің 3/2 бөлігін шартты түрде өтеп шығуыма болады. Оған басты талаптың бірі мемлекетке өтемақы төлеуім керек. Одан кейін тәртіп жақсы болу керек, соған тырысып жатырмын», - дейді Әділет Беркінбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878595-10-zylga-sottalgan-abaktyda-s-biznesti-dgeletip-otyrgan-eks-oficer-kim-foto.html