RU

"Үйге бармаймын дейтін": Мұздатқыштан табылған 2 жасар бала жайлы көршісі айтып берді

Нәресте
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында екі жасар туған ұлын өлтірді деп күдіктелген әйел мен оның баласы жайлы көршілері айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысында болған жантүршігерлік қылмыс жұртты есеңгіреткен еді. Екі жасар баланың мәйіті тоңазытқыштан табылып, бұл қылмысқа күдікті ретінде оның анасы ұсталған.

Туған ұлын өлтірді деп күдіктелген әйел жайлы көршілері айтып берді.

"Әйелдің апайы бізге жүгіріп келіп, бала мұздатқышта өліп жатыр деді. Біз бірден полиция шақырдық. Баланы шілде айының ортасынан кейін көрмедік", - деп қорқынышты күнді еске алды көршісі Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласының тұрғыны Любовь Слесаренко.

Ол күдіктінің Ресейден көшіп келгенін айтуда.

"Бұрын күйеуімен Ресейде тұрған. Қазір бір жылдан бері осы жерде тұрады. Баласын ылғи жылатып жатады. Бізге жақын тұрғандықтан, жылаған дауысын да еститінбіз. Баласы біздің үйге келіп, үнемі менің қасымда жүретін. Бала үйге бармаймын дейтін", - деп жалғастырды ол.

Любовь сәбидің өлгендігі туралы көршісінің білдіртпей келгендігін алға тартты.

"Ал әйелдің өзі соңғы кезде жағалай қарыз сұрап кетті. Көршілердің бәріне қарыз. Бірақ ұлын өлтіргендігі жайлы сыр білдірмеді. Бала қайда деп сұрасақ, Талдықорғанда тәрбиешіде дейді, болды», - дейді Слесаренко.

Ал туған ұлын өлтіріп, мүрдесін екі айға жуық уақыттан бері мұздатқышта ұстады деген күдікке ілінген әйел бүгінде қамауға алынған.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысының Үштөбе қаласында 27 жастағы әйел екі жасар баласын өлтірді деген күдікпен қамауға алынғанын жазған едік.

Одан бөлек, қызылордалық ана 8 жастағы қызын құрбысы ұрып-соққанын айтқанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878706-jge-barmajmyn-dejtin-mzdatkystan-tabylgan-2-zasar-bala-zajly-krsisi-ajtyp-berdi.html