RU

Қазақстанда 2006 жылғы үлгідегі бірнеше купюра айналымнан шықты

Он мың теңге
Фото: Ұлттық банк

Қазақстанда 2006 жылғы үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айналымнан алу мерзімі аяқталды. Бұл кезең 4 жылға созылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ еліміздің Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаржы реттеушінің ақпаратынша, аталған банкноттар 2006 жылдың 15 қарашасында шығарылған. Ал 2016 жылдың 4 қазанынан бастап олар заңды төлем құралы болудан қалды.

Бес мың теңге
Фото: Ұлттық банк

4 жыл ішінде екінші деңгейлі банктер, Поштаның ұлттық операторы мен Ұлттық банк бөлімшелері жоғарыда аталған банкноттарды қабылдап, ұлттық валютаның жарамды банкноталарына айырбастады.

Екі мың теңге
Фото: Ұлттық банк

2006 жылғы үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңге номиналы бар банкноттарды шығарып алу мерзімі аяқталғандықтан, оларды біздің еліміздің аумағында қабылдау және айырбастау мүмкін емес.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қыркүйектегі валюта нарығындағы жағдай туралы сөз қозғап, доллардың неліктен қайта қымбаттағанын түсіндіріп берген болатын.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

Мемлекет басшысына биылғы 9 ай ішіндегі ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындылары, Ұлттық Банктегі алтынвалюта резервтерінің жай-күйі және Ұлттық қордың активтері туралы баяндалған.

Ерболат Досаев 2020 жылдың соңына дейінгі және 2021 жылға арналған Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты болжамын ұсынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1878731-kazakstanda-2006-zylgy-lgidegi-birnese-kupura-ajnalymnan-sykty.html