RU

"Босаңсып кеттік": Қожахметов елдегі эпиджағдай қиындап бара жатқанын айтты

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша жағдай күрделеніп бара жатқанын мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Бүгін жақын досымның коронавирус жұқтырып алғанын естідім. Жағдай қиындап кеткенше мені мазалағысы келмепті. Өкпесі 20 пайызға зақымданған. Пневмония", - деді Қожахметов.

Сонымен қатар ол еліміздегі эпиджағдай қиындап бара жатқанын жеткізді.

"Біз тағы да босаңсып кеттік. COVID-19 бойынша сандар көңіл қуантпайды. Көршілес Ресейдегі жағдай біздің елдегі маусым-шілде айларындағы ахуалға ұқсас. Таңдау әрдайым өзімізде", - деп ескертті ол.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда карантин шаралары күшейтілгенін хабарлаған болатынбыз. Жаңа шектеулер ертеңнен бастап заңдық күшіне енеді. Қосымша шектеулер елорданың әкімі Алтай Көлгіновтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.

Оңтүстік астана Алматыда да карантин шаралары күшейтіле түсті. Мегаполисте әуежай мен қоғамдық орындарда бақылау қатаңдатылды. Әлемдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып, Алматы қаласының билігі коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындықты бастап кетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Маминге елдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879424-bosasyp-kettik-kozahmetov-eldegi-epidzagdaj-kiyndap-bara-zatkanyn-ajtty.html