RU

Шетелдік БАҚ: Германия ядролық соғысқа дайындалып жатыр

Германия ядролық соғысқа дайындалып жатыр, деп жазады неміс бұқаралық ақпарат құралдары
Көрнекі фото: piqsels.com

Қазіргі уақытта Германия әуе күштері қажеттілік туындаған жағдайда альянс аумағын ядролық қарумен қорғауға НАТО бойынша серіктестерімен жаттығып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Германияның әскери-әуе күштері ядролық соғыс жағдайына дайын болу үшін НАТО-мен бірігіп жаттығулар өткізіп жатыр. Бұл туралы неміс басылымы Bild жазады.

Осы аптада "Тұрақты түс" деп аталатын одақтың жасырын жаттығуы басталды. Сарбаздар соғыс жағдайында ядролық қарумен қарулануы мүмкін бомбардировщиктерді қолдануды үйреніп жатыр. Биылғы жылы жаттығудың орны Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Нервених авиабазасы болды, ол АҚШ-тың В61 типті тактикалық ядролық қаруы үшін ықтимал альтернативті алаң болып саналады. Расталмаған мәліметтер бойынша ядролық қару Рейнланд-Пфальцтағы Бюхельде сақталады.

Сонымен бірге Бухельде "Төзімді ұлан" атты оқу-жаттығуы өтіп жатыр, оның барысында әуе күштері ондағы авиабазаны шабуылдан қорғауға машықтануда. Бундесвердің айтуынша, "Патриот" зениттік-зымыран кешенін қолдану қиын жерлерде сынақтан өтеді.

Аталған жаттығуға голландиялық, бельгиялық және италиялық жауынгерлер қатысады. Әскери сарапшылардың пікірінше, қазан айында үнемі өткізіліп тұратын "Тұрақты түс" маневрлері америкалық ядролық қаруды жерасты қоймаларынан ұшақтарға қауіпсіз тасымалдау және оларды истребительдердің астына қою тәжірибесін жетілдіреді. Алайда практикалық ұшуларда бомба жоқ.

Ядролық қаруды қолданумен туындаған соғыс қаупі қазір соңғы үш онжылдықтағыдан едәуір жоғары деп саналады. Негізгі себеп – жердегі орта қашықтықтағы ядролық жүйелерден бас тарту туралы орта және жақын қашықтықтағы зымыран шартының тоқтатылуы. АҚШ келісімді 2019 жылдың жазында өзінің НАТО-дағы серіктестерінің қолдауымен жойды, өйткені олар Ресей 9М729 деп аталатын орта қашықтықтағы жүйені бірнеше жылдан бері бұзып келеді деп болжайды.

Әскери сарапшылар тағы бір қару жарысын күтеді. АҚШ қазірдің өзінде орта және жақын қашықтықтағы зымыран шарты бойынша заңсыз болатын жаңа орта қашықтықтағы мобильді жер жүйесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазіргі жоспарларға сәйкес, ол әдеттегі, яғни ядролық емес оқтұмсықты ғана тасымалдауы керек.

Сонымен қатар, 2021 жылы 5 ақпанда стратегиялық ядролық қаруды шектеуге қатысты стратегиялық шабуыл қаруы туралы жаңа шартының мерзімі аяқталады. Ресей мен АҚШ келісімді ұзарту туралы сөз қозғауда. Алайда Мәскеу президент Дональд Трамптың кезінде Вашингтонмен жақын арада келісімге келуге үміт артпайды.

Еске салсақ, Гуандун провинциясындағы әскери базаға барған Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин қытайлық сарбаздар "соғысқа дайын болуға күш салу керектігін" мәлімдеді.

Айта кету керек, Мәскеудегі кеңестің нәтижесі бойынша Армения мен Әзербайжан тұтқындар мен қаза болғандардың денесін алмасу үшін гуманитарлық мақсатта 10 қазанда сағат 12:00-ден бастап Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату туралы келісімге келген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1879751-seteldik-bak-germania-adrolyk-sogyska-dajyndalyp-zatyr.html