RU

Италияда екі тұрғыны ғана бар ауылға карантин енгізілді

Нортош
Фото: commons.wikimedia.org

Италияда небәрі екі тұрғыны бар ауылда коронавирус салдарынан қатаң карантин енгізілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы gordonua.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Италия ауылдарының бірінде екі-ақ адам тұрады. Олар қатаң маска режимін және арақашықтықты сақтауға міндеттелген.

74 жастағы Джампьеро Нобили мен 82 жастағы Джованни Карилли италиялық - Нортош ауылының тұрғындары. Олар пандемия кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға тырысуда. Бүтін бір ауылда олардан басқа ешкім тұрмайды.

Зейнеткерлер бір-біріне қонаққа барғанда маска киеді және кем дегенде бір метр арақашықтық сақтайды.

82 жастағы Джованни Карилли репортерге берген сұхбатында коронавирустан қорқатынын жасырмады. Себебі, егер ол ауырып қалса, оны қарайтын ешкім болмас еді. Оның жалғыз көршісі, 74 жастағы Джампьеро Нобили де вирус жұқтырмау керектігіне аса мән береді екен.

Карилли қой бағумен айналысады және жүзім өсіреді. Нобилидің сүйікті хоббиі - қолдан зергерлік бұйымдар жасау.

Бұрын Нортошта адамдар көп болатын, бірақ 90-шы жылдары бірнеше жойқын жер сілкінісінен кейін адамдар Римге және басқа қалаларға қоныс аудара бастады. Соңғы жылдары ауылда тек Карилли, Нобили, қой және ит қана өмір сүріп жатыр.

Аталмыш ауылда әлі ешкімнен коронавирус анықталмаған. Айта кетейік, Италияда коронавирустық эпидемия ақпанның соңында басталды.

Еске салсақ, бұған дейін біз Қостанай облысында ертеңнен бастап карантин шаралары күшейтілетінін жазған едік.

Одан бөлек, Ташкентте қоғамдық көлікте маскамен бірге қолғап та кию міндеттелгенін хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880284-nebri-eki-trgyny-bar-auylga-kata-karantin-engizildi.html