RU

АҚШ президенттік сайлауына үміткерлер туралы ақпарат жарияланды

Трамптың ұраны
Трамптың сайлау алдындағы ұраны. Фото: Rey Del Rio/Getty Images

Америка Құрама Штаттарының президенттік сайлауына дейін екі апта қалды. Үміткерлер белсенді түрде үгіт-насихат бағдарламаларын жүргізіп, дауыс берушілермен кездесуде. Сайлау 3 қарашада өтеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп пен бұрынғы вице-президент Джозеф Байден сайлаудың негізгі үміткерлері саналып отыр.

Ballotpedia мәліметінше, президенттік сайлауға төрт үміткер қатысады. Олар:

  • Республикалық партиядан Дональд Трамп;
  • Демократиялық партиядан Джо Байден;
  • Жасылдар партиясынан Хоуи Хокинс;
  • Либертариан партиясынан Джо Йоргенсен.

Дональд Трамп

АҚШ президенті Трамп
Дональд Трамп. Фото: Getty Images / Ethan Miller

Дональд Трамп АҚШ-тың 45-ші президенті болып табылады. Республикалық партияның өкілі. Онымен бірге вице-президент лауазымына Майк Пенс сайлауға түседі.

Трамп қайта сайлануға 2017 жылдың 20 қаңтарында, өзінің инаугурациясы күні өтінім берген. 2020 жылғы 17 наурызда ол республикалықтар атынан сайлауға түсу үшін қажетті дауыс жинады. Оған 1276 делегат дауыс берген.

Джозеф Байден

Джозеф Байден үміткер
Джозеф Байден. Фото: facebook/Joe Biden

Джо Байден – АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті. Демократиялық партия өкілі. Ол жеңіске жеткен жағдайда, вице-президент лауазымын Камала Харрис атқарады.

Джо Байден 2019 жылдың 25 сәуірінде президенттік сайлауға түсетінін мәлім етті. Сенатор Берни Сандерс өзінің президенттік бағдарламасын тоқтатқаннан кейін, 2020 жылдың 8 сәуірінде Байден Демократиялық партияның қолдауымен президенттікке үміткер атанды. Оның кандидатурасы ресми түрде 2020 жылдың 18 тамызында ұсынылды.

Хоуи Хокинс

Хоуи Хокинс үміткер
Хоуи Хокинс. Фото: howiehawkins.us

Хауи Хокинс - америкалық кәсіподақ белсендісі, эколог және Нью-Йорктен шыққан солшыл саяси-қоғамдық қайраткер. Ол Байден секілді танымал емес, алайда бірнеше жыл бойы түрлі лауазымдарға сайлауға түсіп келеді. Әзірге оның әрекеттері нәтиже әкелмеген. Онымен бірге вице-президент лауазымына Анжела Николь Уолкер келеді.

Жасылдар партиясы 2020 жылғы 11 шілдедегі ұлттық құрылтай кезінде Хауи Хокинсті өз үміткерлері ретінде ұсынды.

Джо Йоргенсен

Джо Йоргенсен үміткер
Джо Йоргенсен. Фото: facebook.com/Jo Jorgensen

Джо Йоргенсен – америкалық профессор және либертариандық саяси белсенді. Ол Либертариан партиясының атынан 1996 жылғы АҚШ президенттік сайлауында үміткер болған. Онымен бірге вице-президент лауазымына Спайк Коэн ұсынылған.

Йоргенсен 2020 жылғы 23 мамырдағы Либертариан ұлттық құрылтайында президенттікке үміткер ретінде ұсынылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинаның президенттік сайлаудан кейін пайда болатынын жеткізіп, бұған саясатты кінәлаған еді.

Сондай-ақ бұдан бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырған Дональд Трамптың ауруханадан шыққанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880589-aks-prezidenttik-sajlauyna-mitkerler-kimder.html