RU

Қазақстанда өлім жазасын қалдыру ұсынылды

2003 жылы 17 желтоқсанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды. 

Мораторий жарияланған кезде мамандар "бұл жарлық жазаның осы түрін Қылмыстық кодекстен біржолата алып тастаудың алғашқы қадамы болуы керек" деген, "егер елдегі қылмыстық ахуал тым ушығып кетсе, бұл жарлықтың күші жойылып, Қазақстанда өлім жазасы қайтадан қолданыла бастауы мүмкін" деген де пікірлерді жарыса айтып жатты.

Айта кетер жайт, жарлық күшіне енбес бұрын халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша еліміздегі азаматтардың басым бөлігі елде өлім жазасын алып тастауға әлі ерте деп санайтынын жеткізген. Сондықтан өлім жазасын біржолата алып тастаудан гөрі өлім жазасын орындауды мерзімсіз уақытқа дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданған еді.

Алайда мамандар еліміздің ішкі жағдайында педофилдердің көбейіп кетуі мен сыртқы жағдайда әлем бойынша терроризм қаупінің күшеюіне орай өлім жазасын қалдыру қажет деген пікір айтуда. Мамандардың бұл ұсынысын біз де таразының табағына тартып көрген едік... 

Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор

Иә

Мен 2004 жылдың қаң­тар айынан бастап өлім жа­за­сына мораторий жария­лау ту­ралы жар­лық шыққан кез­де-ақ оған қарсылық білдір­ген едім. Өйткені ол кезде біз­дің құ­қықтық, мәдениеттік са­на­мыз өлім жазасына мо­ра­­то­рий жариялайтындай дең­­гей­ге әлі жеткен жоқ еді.

Әлі де сондай. Өз басым қа­ты­гез қыл­мыстың өтеуі өлім жа­засы деп білемін. Сон­дық­тан өлім жазасын қол­дай­мын. Қоғам­да тәртіп ор­на­уы үшін өлім жа­засы қол­да­ны­луы қажет. Өркениетті ел­дер моральдық санасы кө­те­ріңкі, құқықтық са­насы биік бол­ған­дықтан өлім жа­за­сын алып тастады. 

Біз де уақытша мораторий жариялап қойдық. Негізі, қоғамымыздағы қалып­тасып отырған қылмыстық ахуалға орай осы мораторийді алып тастап, қай­тадан өлім жазасын қолдана бастасақ, дұрыс болар еді. Өлім жазасын адамды тонау мақ­са­тында қасақана өлтірген қылмыс­кер­лерге, педофилдерге, террористерге қол­дануды жөн көремін. Өйткені террористік әрекет орын ала қалған жағдайда террорист жүздеген адамның өліміне себеп болуы мүмкін.

Ал жүздеген адамның қанын мойнына жүктегісі келетін террорист қа­лай­ша жер басып жүруі тиіс?! Сондай-ақ әлі есін білмеген сәбилердің өмірін өксітіп, айуандық әрекетке барған педофил қа­лайша өмір сүруі тиіс?! Олар­ға өлім жазасын қолданбай, түрмеге қамағанымызбен, олар қайта бостандыққа шыққанда тағы бір сәбиге кесірін тигізуі мүмкін ғой. 

Өлім жазасынан шошудың қажеті жоқ. Кейбір елдер әлі күнге өлім жазасын қол­дану арқылы елдерінде тәртіп орнатуға қол жеткізіп отыр. Мәселен, Қы­тайда эко­номикалық қылмыс жасап, жемқорлық фактілеріне орын берген шенеуніктерге өлім жазасын қолданады. Нәти­жесінде Қытайда жемқорлықтың жолы кесіліп отыр. Осы секілді қоғамға кесірін тигізіп отырған қылмыс түрлеріне орай қатаң жаза түрлерін енгізсек, еш­теңе­ден ұтыл­май­мыз. Біз де өлім жазасын қайтадан енгізсек, көптеген қылмыс түр­лерінің алдын алған болар едік деп ойлаймын.

Сәуле МЕКТЕПБАЕВА, "Халықаралық түрме реформасының" Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры

Жоқ 

Мен қандай жағдай бол­ма­сын, өлім жазасын қолда­ну­ды мүлдем қолдамаймын. Ке­ше ғана Лондон қаласында адам құқығына қатысты ма­ман­дар бас қосып, өлім жа­за­сы­на қатысты мәселелерді тал­­қылап, жиын өткіздік. Көп­­теген елдер қылмыскерге өлім жазасын қолдануға қар­сы.

Біз­дің еліміз осыдан сегіз жылдай бұрын өлім жазасына мораторий жариялады. Мо­ра­­­торийді бұдан әрі соза бе­ру­дің қажеті жоқ. Алдағы уа­қыт­та өлім жазасын мүлдем алып тас­тауымыз қажет. Өйт­кені өлім жазасының елдегі қыл­мыс­тық ахуалды жақ­сар­туға, қыл­мыскерді түзу жолға са­лу­ға ешқандай оң әсері жоқ. 

Өлім жазасының елдегі қыл­мыс­тық ахуалды жақ­сар­туға, қыл­мыскерді түзу жолға са­лу­ға ешқандай оң әсері жоқ

Бұған әлемдегі талай зерттеушінің жүргізген көптеген зерттеуі мен ғалым­дардың келтірген пайымдауларын дәлел ретінде келтіруге болады. Осы орайда әлемдік деңгейде терроризм секілді қауіп­ті әрекеттердің өршуіне орай елімізде өлім жазасын қалдыру қажет деген пікірге де қарсымын. 

Ал өте ауыр қылмыс түрлері саналатын әрекеттерге барған қылмыскерлерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жаза­сын қолдану қажет. Бүгінде көптеген ел өлім жазасының орнына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданып жүр. Әлем бойынша өршіп бара жатқан терроризм қаупінің сейілуіне де өлім жазасы оң әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені террористер – онсыз да басын өлімге тіккен жандар. Ендеше, олар­ды өлім жазасымен қорқытамыз деу – күлкілі нәрсе.

Рас, соңғы кездері елімізде педо­филдердің әрекеті өршіп кетті. Өз басым пе­дофилдерге кастрация жазасын қол­данған дұрыс деп санаймын. Өйткені көптеген ел педофилдердің істеген қыл­мысына қарай ең әділ жаза ретінде кастра­цияны қолдануда. Егер педофил өз әрекетін қайталайтындай қауіп танытса, онда өмірлік бас бостандығынан айыру қажет. 

Жалпы, терроризм қаупін сейілтеміз десек, өлім жазасынан гөрі, қоғаммен жұмыс істеу арқылы адамзаттың санасын сауықтыру әлдеқайда үлкен нәтиже берер еді. Біз қылмыскерді жазалаудан бұрын адамды қылмысқа итермелейтін нәрселермен күресіп, қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізумен айналысуымыз қажет. Ешкім бас бостандығынан айырылып, түрмеде төрт қабырғаға қа­малып отырғысы немесе өлім жазасына кесіліп, өмірден өткісі келмейді. Сондай-ақ адам өзінен-өзі террорист болмайды.

Оны белгілі бір топ террорист болуға итермелейді. Сондай-ақ көбінесе жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері қылмыскер болып шығады. Сондықтан балалар үйінің балалары кәмелеттік жасқа толған соң, қайда барады, қай жерді паналайды, қайтсек, дұрыс жолға түсіп, толыққанды азамат болып қалыптасады — осы мәсе­лелерді шешумен айналысуымыз керек. Сонда қоғамымызда қылмыскерлер азайып, өлім жазасын қолдану туралы ойды ойламас едік.

Бейтарап пікір

Марат БАШИМОВ, заң ғылымының докторы, профессор:

– 1998 жылғы қаңтар айының 1-інен бастап күшіне енген Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қылмыстық кодексінде бейбіт уақытта ерекше ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіргендерді өлім жазасына кесу көзделген еді. Кейін өлім жазасына мораторий жариялануына орай ауыр қылмыс түрлеріне қолданылатын жазаны басқа жазалармен алмастырды. Негізі, қай елде болсын халықтың басым бөлігі өлім жазасын қолдайды.

Сондықтан мораторийді алып тастау мәселесіне мұқият болу керек. Ал қоғамға қауіп төндіріп отырған қылмыс түрлеріне қарай өлім жазасын қолдану туралы мәселені қайта қарау артықтық етпейді. Осы орайда кейбір қылмыс түрлеріне өлім жазасын қалдыру қажет секілді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/196102-kazakstanda-olim-zhazasyn-kaldyru-ysynyldy.html