RU

Еліміздің діни медреселері тексерілді

Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ислами оқу орындарын тексеріп шықты. 

Тексеріс барысында ислами оқу орындарының еліміздің заңнамасында белгіленген нормалар мен біліктілік талаптарына сәйкестігі, оқу материалдарының құрамы мен сапасы, кітапхана қорларының сапалық және сандық құрамы, оқу үдерісінің бағыттылығын талдау назарға алынды.

Елімізде қазір арнайы кәсіптік білім беретін мекемелерге теңестірілген ислами орта оқу орындары болып табылатын 8 медресе бар. Олар Астана, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған өңірлерінде орналасқан. Сонымен қатар Ақмола облысының Қосшы елді мекенінде орналасқан Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани атындағы республикалық қарилар дайындау орталығы 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет атқаруда. 

Құрамына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Дін істері агенттігінің қызметкерлері мен аумақтық департаменттерінің мамандары енген тексеру комиссиясы алғашқы жұмысын "Астана" медресесі" діни бірлестігінен бастады.

2007 жылы ашылған Астана медресесі қазір біршама тәжірибе жинақтаған беделді оқу орнына айналып үлгерді. Медреседе қазір 15 оқытушы қызмет етеді.

Олардың арасында ғылым докторлары, кандидаттар мен магистрлер бар. Сонымен қатар медресе құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Мысыр елінің "әл-Әзһар" университеті арасындағы келісімшарт негізінде келген араб оқытушылар да жұмыс атқаруда. 

Тексеру барысында анықталғандай, медресе ұстаздардың базалық білімі, мамандану деңгейі орта діни оқу орны оқытушысына қойылатын білім беру талаптарына сай, алған мамандықтары оқытатын пәндеріне сәйкес келеді. Әрбір оқытушының өз пәндеріне арналған жұмысшы оқу бағдарламасы, дербес жұмыс жоспарлары жасалған. Штаттық кесте мен жылдық оқу жүктемелері оқу бөлімі тарапынан бекітілген. Медресенің оқыту жоспарына мемлекеттік стандартқа сәйкес зайырлы пәндер енгізілген. 

Медреседе оқытылатын барлық оқулықтар, әдебиеттер мен оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тарапынан бекітілген. Олар ханафи мазхабының ұстанымдарымен толық сәйкес келеді деп құпталған. 

Тексерілген медреселерде, негізінен, жоғары діни білім алған қазақ мамандары қызмет етеді. Оқытушылардың көпшілігі "Нұр-Мүбарак" университетінің түлектері. Сонымен қатар "2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қорының" қызметкерлері болып табылатын түрік ұстаздар да жекелеген медреселерде қызмет атқаруда.

Медреселер оқытушылары ҚМДБ-ға қарасты діни бірлестіктермен, яғни мешіттермен тұрақты байланыс жасайды. Мешіттердің бас имамы, наиб-имамы қызметін атқаратын оқытушылар да бар. Астана және Шымкент медреселеріне "2030 Қазақ-түрік жастарын қолдау қоры" тарапынан демеушілік көмек беріледі.

Бірқатар медреселер өздері орналасқан қаладағы орталық мешіттердің Қор қаржысы есебінен қамтамасыз етіледі. Жергілікті жеке кәсіпкерлер қаржыландыратын медреселер де бар. 

Медреселердің кітапхана қорларында тіркелген әдебиеттер қазақ, араб, орыс, түрік және өзбек тілдерінде. Кітапханалар қорының жартысынан көбін Құран, тәпсір және фиқһ кітаптары құрайды. Негізінен, араб тілінде болғандықтан, бұл әдебиеттерді оқу үдерісінде пайдалану қиын. Сондықтан медреселердегі кітапхана қорын имамдар даярлауға қажетті және мемлекеттік мүддеге сай отандық әдебиеттермен толықтыру, қазақтілді оқулықтардың санын көбейту барынша өзекті мәселе болып отыр. 

Барлық медреселер жатақхана, асхана, оқу залдарымен қамтылған. Компьютер бөлмесі мен интернет желісі, медициналық пункттер жұмыс істейді. Жекелеген медреселерде спорт залдары жоқ, оларда дене шынықтыру пәндері көрші орналасқан мектептердің ауласында немесе спорт залдарында өткізіледі.

Медресе бағдарламаларының күрделілігіне сәйкес шәкірттердің оқу пәндерін игеруіне, әсіресе, Құран жаттау мен араб тілін меңгеруіне өте көп уақыт жұмсалатыны байқалады. 

Тексеру комиссиясы медреселердің білім беру қызметін ұйымдастыру жұмыстарының Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес екендігін анықтады. Комиссия тарапынан медреселер басшылығына қазақ тіліндегі оқулықтардың, діни және зайырлы әдебиеттердің үлес салмағын арттыру, кітапхана қорына мерзімді басылымдарды жаздырып алу жөнінде ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар медреселер жұмысын әрі қарай жетілдіру бағытында оқу бағдарламасына жаңа діни ағымдар, дәстүрлі ислам, салыстырмалы дінтану, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар секілді арнайы курстар немесе қосымша пәндер енгізу бастамасын көтеру қажеттігі айтылды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/203035-elimizdin-dini-medreseleri-tekserildi.html