RU

Күкірт қышқылының құрбандары (фото)

Бангладеште түрлі қышқыл сұйықтықтарды пайдалану әдетте жер дауы, үйлену, тұрмысқа шығудан бас тарту немесе кек қайтарудан туындайтын қылмыс.

Құрбан болғандардың басым бөлігі - жас қыздар мен балалар. Дене зақымы және орасан зор психикалық соққы алған бұл адамдарды қоғам қабылдамай, олардың жұмысқа орналасу немесе отбасы құру мүмкіндігі қалмайды.

1999 жылдан бастап 3000-ға жуық адамды Бангладеште қышқыл сұйықтық мүгедекке айналдырды. Бұл көрсеткіш төмендеп келсе де, әлемдегі статистикамен салыстырғанда өте биік.

Бұл фотосуреттерді фотограф Ян Мёллер Хансен Даккадағы сапары кезінде жасады. Оның айтуынша, бұл адамдар - өмірінде көрген ең қайсар жан иелері. (Суреттер bigpicture.ru сайтынан алынды).

Шамсул Хоку - 30 жаста. Ол Бангладештің солтүстік-шығысында тұрады. Шамсулдың телевизор және басқа да техниканың жөндейтін шеберханасы болған. Тасы өрге домалаған Шамсул қарызға батқан жолдасына ақша береді. Бірақ біраз уақыттан кейін Шамсул досының алған ақшасын қайтарғысы келмейтінін түсінеді. Шамсул үйленіп, досымен ара-қатынасы одан сайын салқындай түседі. Бірде шеберханасында жалғыз қонып қалған Шамсулға жолдасы қараңғы түнде келіп, бір шелек күкірт қышқылын үстіне құйып жібереді. Бүкіл денесін шарпыған сұйықтық оны жанарынан да айырады. Қайғылы оқиға 2007 жылдың сәуірінде орын алды.

Шамсул Динешпудағы ауруханаға жеткізіледі. Жағдайы тым ауыр еді. Дәрігерлер оған көмектесуге пәрменсіз екендерін мойындайды. Оның денесінің 60%-дан астамын күйік шалады. Одан кейін Шамсул Даккадағы қышқылды пайдаланумен орын алған қылмыстардың құрбандарына арналған орталыққа жеткізіледі. Онда оның аяғына тұрып, өмірін әрі қара жалғастыруына көмектеседі.

Ал опасыздық жасаған жолдасы Үндістанға қашып, біраз уақыттан кейін қайтып келеді. Бірақ полицияда оған қатысты қылмыстық іс қозғауға бас тартып отыр. Бангладеште  жүздеген  қылмыс беті ашылмаған күйі қала береді.

Шамсул жолдасын мұндай әрекетке не итермелегенін түсінбейді. Мүмкін көре алмаушылық болар деген ойда. Ал қарызға берген сомасы 20 000 такқа (25 $) тең.

Шамсулдың бір ұлы бар. Ол қайғылы оқиға орын алмас бұрын үйленген еді. Шамсулдың жұбайы онымен бірге қалғысы келсе де, отбасы қарсы шықты. Қазір әйелі баласымен бірге өз әке-шешесінің үйінде тұрады.  Олар қызы мен немересінің Шамсулмен кездесуіне тыйым салған.

Монира - 16 жаста. Ол  - қыздарды ұрлап, шетелге жезөкшелікке сатумен айналысатын қылмыстық топтың құрбаны. Қылмыскерлердің пиғылынан хабардар болып, қарсылық көрсеткен Монира да қышқыл сұйықтықтың құрбанына айналды. Қазір ол ем алуда.

Рухима - 40 жаста. Оның отбасы көршілерімен бірге ақша және ауладағы ағаш жөнінде дауласып қалады. Түн ортасында көршілері олардың үйіне келіп, Рухиманың бетіне күкірт қышқылын төгіп жібереді. Рухима бір көзінен айырылса да, екінші көзі аман қалғанына қуанышты.

 

Шаназаның жасы да 30-дан асты. 2003 жылы оның әпкесі шетелге кетіп, сол жерден туысқандарына ақшалай көмек көрсетіп тұрады. Шамалы уақыттан кейін Шаназа тұрмыс құрады. Бірақ қайнысы да Шаназа мен оның әпкесінен ақша алып тұрғанды қалайды.

Шаназаның әкесі қара кедей болғандықтан қызының қалың малын бере алмайды. Ал екі қыз баланы дүниеге әкелген Шаназаны жаңа отбасы ұл тумағаны үшін бәрібір қабылдамайды. Бірде өшіккен қайнысы келіп, Шаназаны күкірт қышқылымен күйдіреді.

Шаназаға 11 ота жасалды. Қазір ол мұрнын, құлағын және үстіңгі ернін қайта қалпына келтіру бойынша операциялардың жасалуын күтуде. Ол екі қызымен бірге анасының үйінде тұрады.

Бонна не бары 20 жаста. Үш ай тұрмыста болған Боннаның жұбайын қалың мал көлемі қанағаттандырмаған екен. Бірнеше жыл бұрын ол Боннаның бетіне керосин құйып, жанған сіріңкені лақтырып жібереді.

Мефтахул Читтагонг университетінің химия факультетінде оқитын. Оны үнемі бір топ жігіттер мазақтың астына ала берді. Ашуланған Мефтахул оқу орнының жетекшілігіне арызын жазады.

Бірақ әлгі жігіттер бойжеткенді жайына қоймай, қызды қорлауын үдете түседі. 2011 жылдың 4-нші шілдесінде Мефтахул зертханадан қышқыл сұйықтық алып шығып, өз-өзіне қол салмақ болады. Дегенмен ойы жүзеге аспай қалады. Ол өздігінен ас ішу қабілетінен айырылып, сөйлей алмайтын. Биыл 26-ншы ақпанда қыз бала көз жұмды.

Рубель мен оның ағасына Ноакхали округінен бір телім жер бұйырады. Алайда оның үлкен ағалары жерді сатуға кеңес береді. Рубельдің отбасында үлкен жер дауы туындайды. Ақыры ашуға булыққан жеңгесі түн ортасында келіп, қышқылды бетіне шашып жібереді.

Саббер - 3 жаста. Саббердің анасы Лебе - апалы-сіңілі үш қыздың бірі. Олардың бәрі тұрмыста. Алайда Лебенің кіші сіңілсінің күйеуі қайтыс болғанда, жездесі оған үйленгісі келеді. Жесір қалған сіңілсі үлкен әпкесінің күйеуіне тұрмысқа шығудан бас тартады.

Жездесі Лебеге сіңілсін көндіру үшін келеді. Лебе де бас тартады. Ашуға булыққан жездесі түн ортасында келіп, Лебе мен оның баласына қышқылды төгіп жібереді.

Саббер әкесімен бірге. Қазір кішкентай бүлдіршін бүкіл әлемге ашулы.

Соня - 24 жаста. Соня 13 жасқа толып, 7-нші сынып оқып жүргенде, ағайынды туысқаны оған үйленгісі келеді. Бірақ бас тартқан қыз бала да қышқыл сұйықтықтың құрбанына айналды. Таңғаларлық жәйт: Соня туысын сотқа беріп, ол 32 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/222396-kykirt-kyshkylynyn-kyrbandary-foto.html