RU

Қазақстандықтар ақша табу үшін ағза мүшелерін сатуда

Адам ағзасының да құны бар. Елімізде дене мүшесін сатушылар қатары азамай отыр. Қазір ғаламторда дене мүшелерін сату туралы хабарландырулар қаптап тұр, деп хабарлайды 24 kz.

Елімізде адам ағзасын сатуға заң бойынша тыйым салынғанына қарамастан, он екі мүшесі сау адамдар ақша үшін өз өзектерін жұлып беруге дайын.

Бүгінде адам ағзасын мүшелеп сату да сауданың бір түріне айналды. Соңғы жылдары бұл кәсіп қарқындап өскен. Бүйрек, бауыр, жұлын, шаш, көз, бәрі сатылады. Ғаламтор беттерін көз шалсаң болды, бағасы бірінен-бірі асатын "тірі ағзаларды сатамын" деген хабарландыруларды кездестіруге болады.

Ал сайттардың кейбірі көктем алдында сатып алушыларға акция да жариялаған. "Ағзасын сататын досыңды ертіп кел де, бүйрек құнының 20%-ын ал" деген жарнаманы көргенде жағаңды ұстайсың.

ҚР ІІМ криминалдық полиция комитетінің бөлім бастығы Нариман Күлдіков "Адам ағзасын заңсыз сату мен еркінен тыс күштеп алу ҚР Қылмыстық Кодексінің 113-бабы бойынша жазаланады. Аталған бап бойынша сатуға жол бергендер 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады", - дейді.

Өз ағзасын бөлшек саудаға айналдырғандар заңды белшесінен басып отырғандарын біледі, біле тұра қорықпайды. Олардың көбі бұл саудаға жоқшылықтан барып отырмыз деп ақталады. Біз байланысқа шыққан Олег есімді азамат бүйрегін 80 мың АҚШ долларына бағалап отыр. Айтуынша, оған қазір ақша өте қажет болған.

"Бүйрегімнің сау екендігіне сендіре аламын. Дәрігерлерге барып, тыңғылықты тексерістен өтіп тұрамын. Ішімдікке құмарлығым жоқ, темекі де тартпаймын. Спортпен шұғылданамын. Мен өз бүйрегімді 80 мың АҚШ долларына бағалаймын", - дейді өз мүшесін сатуға бекінген азамат.

Елімізде дәл қазір бүйрегін ауыстыруға 1 266 адам кезекте тұр. Жүрекке трансплантация жасатқызатындардың да саны осындай. 975 адамға бауырын ауыстыру қажет. Сондай-ақ, 235 адам өкпеге донор іздестіруде. Барлығы қазір 5 мыңға жуық отандасымыз донорға мұқтаж. Ал тірі ағзасын ашық ұсынушылардың саны да кемитін емес.

Дәрігерлер елімізде тек туыстары науқасты құтқарғысы келсе, бауырын, не бүйрегін тегін бере алатынын айтады. Ондай донорлыққа адамның өзі келісім берсе ғана жүзеге асырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/251800-kazakstandyktar-aksha-tabu-yshin-agza-myshelerin-satuda.html