RU

Халық қалаулылары бойдақтарды үйлендіру мәселесін қолға алды

Халық қалаулылары Қазақстанның жалғызбасты еркектерін үйлендіру мәселесін қолға алды. Қазіргі уақытта елімізде 1 млн-нан астам бойдақтар бар екен.

Олардың жас шамалары 30-дан асып кеткен көрінеді. ҚР Парламенті Мәжілісінде бойдақтарға 300 000 теңге көлемінде ақшалай жәрдем беру туралы ұсыныс жасалды деп хабарлайды "7 арна" тілшісі.

47 жастағы Бөпеш Жандаев халық қалаулыларының бұл ұсынысын бағаламады. Еркектерге бойдақ болған ұнайды. Суретші үшін еркіндік тіпті қымбат. Тек оны үлкен көлемдегі қаржы ғана үйлендіруі мүмкін.

Бойдақтардың бәрін үйлендірейік деген ұсынысты Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев жасады. Мәжілістің отырысында ұсынысын Премьер-министрге сауал етіп жолдап, еркектер отбасын құру үшін жағдай жасауымыз керектігін айтты. Үйленіп, балалы болған еркекке 300 000 теңге көлемінде көмек бергеніміз жөн деді.

"Біз жыл сайын егер туу көрсеткіші 1 млн-нан асатын болса 300 млрд көлемінде халыққа төлейтін боламыз. 10 жылдың ішінде халық саны 10 млн адамға, 20 жылда 20 млн адамға көбейетін болады. Демографиялық ахуал осылай тұрақтанатын болады", - деді ол.

Бойдақтардың мәселесі үкіметтік деңгейде қаралғаны қазақстандық демограф Мақаш Тәтімовты қуантты. Көптеген жылдар бойы ғалым бойдақтарды үйлендіру ісін көтеріп жүрген болатын

"Қазір бұрынғыдай бойдақ салығында ұстамайды. Небәрі 1-2 пайыз. Оның өзінің аты ғана. Егер салық салатын болсақ, оны қайда жұмсаймыз? Әрине, аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балаларға жұмсалады. Бойдақтар пайдасын елге осылай тигізсін", - деді ол.

Демограф-ғалымның есебінше, бойдақтар еліміздің солтүстік өңірінде көп екен. Оңтүстік өңірлерде қазақ дәстүрі бойынша бойдақ еркектер аз кездеседі.

Мамандардың айтуынша, бойдақтардың үйленгені өздеріне пайдалы. Демографтың ойынша, үйленген еркектер бойдақтарға қарағанда 10 жыл артық өмір сүреді. Әр түрлі аурулар мен тосын жағдайларға да тап болуы аз кездеседі екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/268616-halyk-kalaulylary-bojdaktardy-yjlendiru-meselesin-kolga-aldy.html