RU

Алматыда жеке меншік қарттар үйі ашылды

Қарттарымыз бизнеске айналған ба? Жуырда ғана Алматыда жеке меншік қарттар үйі ашылды. Ақсақалдарды ақылы емдеу үшін мұнда күніне 5 мыңнан -7 мыңға дейін төлейді.

Қазақ қоғамы ата-ана алдындағы парызын қаншалықты өтеп жүр. Соңғы деректерге қарасақ, ардагерлер үйіне өткізелітетін қариялардың саны артып келеді. Тіпті, бұл бизнеске айналғандай. Жуырда ғана республика бойынша тұңғыш рет ақылы қарттар үйі ашылды.

"Орташа жалақысы бар адамдар да бізге ата-аналарын әкеліп өткізе алады. Бір күндік емделу құны 5 мыңнан - 7 мыңға дейін. Үйде ауырып жатқан науқас жұмыстан шаршап келген туыстарының жүйкесін жұқартады. Ол кісіге көңіл бөлу керек. Сол себепті, осындай сауықтыру орындарына алып келеді", - дейді жеке меншік қарттар үйінің директоры Шолпан Әбдірахманова.

Жат қылыққа қоғамның еті үйренгендей. Қарттар үйі басшысының айтуынша, безбүйрек балалар ата-анасынан құтылу үшін айына кем дегенде 165 мың теңге төлеуге бар. Кейбір қалталы қариялар мұнда үйде іші пысып, зеріккеннен келсе  ал, біразы ем қабылдау үшін  келеді екен.

Күш-қуаты азайып, сырқаты сыр берген ата-анасына қарауға шыдамдылық танытпаған іштен шыққан шұбар жыландар мұндай мекемені қарттар үйіне баламайды екен. Барлық жағдайы жасалған шипажайға апарып тастадық деп санайды.

"Ол қарттарға арнайы мамандар көмек көрсетеді. Ол қарттардың жағдайы белгілі ғой. Ана жері сырқырайды, мына жері сырқырайды. Біреуі жанын емдейді, біреуі тісін емдейді. Ол мамандардың барлығын сіз күнде үйге шақыра алмайсыз. Тағы жағымды жағы үйде жалғыз жатқанша жұмысқа кетіп қалады бала-шағасы, құрдастары, өзінің бір адамдары, мен ойлаймын бұл психологиялық жағынан бұл адамның көңіл-күйін көтеретін нәрсе", - деген пікірде психолог Анна Құдиярова.

"Осы қазіргі заманда жұмыссыз адам бола алмайды. Ешкім де жұмысты тастай алмайды. Постоянно больничны ала алмайды. Соған байланысты  осындай үй аштық. Ақшасын төлесе, өмір соңына дейін тұрса болады. Балаларына да оңай болады", - дейді жеке меншік қарттар үйінің директоры.

Бейнеттің зейнетін көретін шақта қарттар үйін паналаған қарияларымыз көбейер болса, жуырда әлемдегі қарттар үйі көп ел санатында көшбастауымыз мүмкін. Мақтанарлық жетістік емес әрине. Десе де, келесі айдан бастап,  оңтүстік шаһарда  алғашқы жеке меншік қарттар үйінің басшылығы, бұл бизнесті көбейтіп желілендіруді жоспарлауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/273536-almatyda-zheke-menshik-karttar-yji-ashyldy.html